ШҚО-ның егу кабинеттеріне 10 млн теңгеге айыппұл салынды

ШҚО-ның егу кабинеттеріне 10 млн теңгеге айыппұл салынды

             Денсаулық сақтау саласының негізгі бағыттарының бірі - жұқпалы аурулардың иммунопрофилактикасы және вакцинация. Соңғысы Қазақстанда ерікті болып табылады.

             ШҚО және Абай облысында профилактикалық екпелерді 204 медициналық ұйымдарда оқытылған медицина қызметкерлері жүргізеді. Жыл басынан бері барлық екпе түрлері бойынша балаларды қамту нормадан асып отыр.

             Ағымдағы жылдың 8 айында халықтың мақсатты топтарын дифтерия, көкжөтел, сіреспе, В вирустық гепатиті, полиомиелит, гемофильді инфекцияға қарсы вакцинациямен қамту тиісті көрсеткіштен көп.

             Жыл басынан бері профилактикалық екпеден 112 адам бас тартқан. Былтыр бұл сан 34 жағдайға артық болды. Бас тарту себептері жеке сеніммен, вакцинаға сенімсіздікпен әрі діни көзқарастармен байланысты.

             Инфекциялық ауруларға қарсы екпе егуді ұйымдастыру және өткізу ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жіті бақылауында. Иммунопрофилактика бойынша мәселелер Департаменттің аумақтық басқармаларымен жедел жиналыстарда, жергілікті атқарушы органдар мен медициналық кеңестердің отырыстарында қаралады.

             Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік құқықтық актілер талаптарының сақталуын бақылау бұзушылықтар анықталған кезде тиісті шаралар қабылдай отырып, ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кезінде жүзеге асырылады.

             Бүгінгі күнге дейін өңірдің 361 егу кабинетіне тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 261 бұзушылық анықталды. Жауапты ұйымдарға 201 хаттама толтырылып, 10 млн теңгеден астам сомаға 200 айыппұл салынды, 102 ұйғарым берілді.

             Департамент коронавирусқа қарсы вакцинациялауға жұмылдырылған медицина қызметкерлері үшін тұрақты түрде оқыту семинарларын ұйымдастырады. Ағымдағы кезеңде облыста вакцинацияға қатысты 90 семинар өткізілді, 1408 медицина қызметкері аттестатталды.