
Батыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті түрлі өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Ол үшін Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарының сәйкестігіне сараптама жүргізу үшін тауар сатып алынады.
Мәселен, тамыз айында санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін 296 сынама іріктелді, оның ішінде 211 тамақ және 85 тамақ емес өнім. Алынған тауардың 70%-ын Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің, 20%-ын отандық өндірушілер және 10%-ын алыс және жақын шетел елдерінің өндірушілері құрайды.
БҚО Ұлттық сараптама орталығы жүргізген жұмыс нәтижесі бойынша 27 сынама халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмеді. Бұзушылық анықталған тауардың басым бөлігі - импорттық өнім. Бұзушылық анықталған тағы 3-і - отандық өндіріс.
Олқылықтардың 85,1%-ы таңбалау қағидаларына қатысты. Сонымен қатар, үш жемісте нитраттардың асып кетуі анықталған. Ал балалар жемпірінде гигроскопиялық норманың, яғни ауадан су буын сіңіру қасиетінің төмендігі байқалған.
Анықталған бұзушылықтар бойынша тауар өндірушіге қайтарылды. Сондай-ақ, сауда орталығына тиісті құжаттаманың болмағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Өткізушілерге, жеткізушілерге, импорттаушыларға және өндірушілерге қатысты анықталған бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Департамент басқармалары тамыз айында кәсіпкерлік субъектілеріне ҚР заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы 12 ұйғарым беріп, оны жою тәртібін түсіндірді.
Тұтынушыларды ақпараттандыру мақсатында ай сайын ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында жүргізілген мониторинг барысында анықталған сәйкес келмейтін өнімдердің тізілімі орналастырылады.