
Жаңа 2022-2023 оқу жылының басталуына орай Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті меншік нысанынан қарамастан білім беру объектілеріне арналған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидалар бар екенін ескертеді.
Қағидаларға сәйкес, мектеп аумағы қоршалғаны шарт, қасында функционалдық қатысы жоқ объектілерді орналастыруға тиым салынады. Ғимараттарда шаруашылық ауыз су, ыстық су, кәріз жүйесі, жарық, желдету және жылу болуы тиіс.
Барлық ғимараттардың іші таза болуы шарт. Тазалау жұмыстары дезинфекциялық ерітінділерді пайдалану арқылы жүргізілуі қажет, жәндік, кене және кеміргіштердің болуына жол бермеу үшін дератизациялық және дезинсекциялық іс-шаралар өткізу керек. Жиһаз бен заттардың жабдықталуы балалардың өсу және жас ерекшеліктеріне сәйкес болғаны жөн.
Асханаларда жеке кәсіпкерлер қызмет етеді, олар балаларды қауіпсіз әрі сапалы тағаммен қамтамасыз етуі тиіс. Объектілерде басшы бекіткен мәзір жасалады. Тамақ өнімдерін қабылдау, олардың сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары болған жағдайда жүзеге асырылады.
Өткен 2021-2022 оқу жылында Шымкент қаласы бойынша 91 мектеп ерекше тәртіппен тексеріліп, 54-іне жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, анықталған санитариялық қағидаларды бұзу фактілері бойынша жалпы сомасы 22 млн теңгеден асатын 139 әкімшілік айыппұл салынды.
Тамыз айының басында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары Шымкент қаласы білім басқармасының, мектеп директорлары мен қызметкерлерінің қатысуымен семинар өткізді.
Жиында мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, жалпы білім беру ұйымдарында санитариялық қағидалардың сақталуы және мектеп қызметкерлерінің КВИ-ге қарсы вакцинация және ревакцинация алу қажеттілігі мәселелері талқыланды.
Жалпы білім беру объектілері санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жіті бақылауында.