Елордада екі жылда ботулизмнің бірде-бір жағдайы тіркелмеген

Елордада екі жылда ботулизмнің бірде-бір жағдайы тіркелмеген

             Ботулизм – жоғары өліммен сипатталатын, жүйке жүйесіне зақым келтіретін ауыр тағамдық инфекция. Бактериядан бөлінетін токсин - бүгінде ең қауіпті биологиялық улардың бірі.

             Ботулизм қоздырғыштарының споралары топырақ немесе ішек құрамы ластанған жануар, құс және балықтардан жасалынған кез-келген тамақ өнімдерінде болуы мүмкін. Ауру анаэробты жағдайда сақталған (оттегінің болмауы) консервіленген өнім, әсіресе үйде дайындалған, сондай-ақ шұжық, ысталған және тұздалған балық, бұқтырылған ет өнімдерін пайдаланғанда да пайда болуы ықтимал. Ботулотоксиннің тамақ өнімдерінде болуы олардың органолептикалық қасиеттерін өзгертпейтінін атап өткен жөн. 

             Аурудың дамуы өте жылдам жүреді, алғашқы 2-24 сағатта қатты әлсіздік, бас айналуы, көздің бұлдырауы,  ауыздың құрғауы, жұтынудың және сөйлеудің қиындауы пайда болуы мүмкін. Құсу, диарея, іш қату және ісіну болуы мүмкін. Содан кейін мойын мен қолдарда әлсіздік пайда болады, содан кейін тыныс алу бұлшықеттері мен дененің төменгі бөлігінің бұлшықеттері зақымдалады. Ботулизмнің ерекшелігі – көру қабілетінің бұзылуы – көзге қосарланып көріне бастайды, қылилық пайда болады. Науқасты емдемесе тыныс алу бұлшықеттерінің сал ауруынан өліп кетеді.

             Ботулизмнің алғашқы белгілері байқалған кезде міндетті түрде дәрігерге көріну қажет, үй жағдайында емделу мүмкін емес, себебі ауруды емдеу үшін антиботулиндік сарысу қолданылады.

             Аурудың алдын алу тамақ өнімдерін консервілеуде санитариялық және технологиялық қағидаларын қатаң сақтауға негізделген. Консервілеуге ластанбаған, бүлінбеген және бүтіндігі бұзылмаған өнімдер қолданылуы тиіс. Өнімдерді мұқият жуып, дайындау рецептурасын (қышқыл мен тұздың жеткілікті концентрациясы) сақтап, консервілеуге арналған банкілерді термиялық өңдеуден өткізу қажет. Дайын консервілерді пайдаланар алдында 15 минут қайнаған суға жылыту арқылы залалсыздандыруға болады.

             Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2021-2022 жылдары ботулизм ауруы тіркелген жоқ. Дегенмен, елордалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды үй консервілерін қоғамдық сауда орындарында, кездейсоқ адамдардан сатып алмауға және де қаптаманың бүтіндігі бұзылған және бомбаждың белгілері бар консервілерді тамаққа қолданбауға ұсынады.