СҚО-да ЖРВИ жұқтыру деңгейі 9%-ға артқан

СҚО-да ЖРВИ жұқтыру деңгейі 9%-ға артқан

             2021 жылдың қазаны мен 2022 жылдың сәуір айлары аралығындағы эпидемиологиялық маусымда Солтүстік Қазақстан облысында ЖРВИ-дің 30 976 жағдайы тіркелді. 100 мың адамға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 5644,78-ді құрап отыр. Ауру жұқтырудың саны өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға өскен.

             Ал ағымдағы маусымда тұмау жұқтырудың 35 фактісі анықталды. Барлық жағдайда ауру А типіне жатады. Былтыр өңірде тұмаудың зертханалық расталған жағдайлары тіркелген жоқ.

             Мамандар инфекцияны алдын алудағы тиімді құралы вакцинация екендігін айтып отыр. Уақтылы екпе алу аурудың ағымын жеңілдетеді, оның ұзақтығын қысқартады және асқынуларға жол бермейді. Одан бөлек, дене шынықтырумен айналысу, дұрыс тамақтану және витаминді-минералды кешендерді қабылдау ұсынылады.

             Тұмауға ұқсас белгілері бар адамдармен тығыз байланыста болмауға тырысыңыз, бөлмені үнемі желдетіп, тазалықта ұстау керек. Алайда тонып қалудан немесе қызып кетуден аулақ болу қажет.

             Тұмауға қарсы міндетті вакцинаны ең алдымен медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар, сәби және балалар үйлеріндегі балалар, қарттар үйлерінің контингенті және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жұқтыру қаупі жоғары адамдар алулары тиіс.

              ЖРВИ немесе тұмау ауруы кезінде үйде қалып, дәрігерді шақыру керек. Мүмкіндігінше отбасының басқа мүшелерімен байланысқа түспеу, медициналық маска тағып, жеке гигиена қағидаларын сақтау. Бұл басқаларға жұқтырмау және вирустық инфекцияны таратпау үшін қажет.