
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі орынбасарының баспасөз хатшысы Ержан Байтанаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты атқарып отырған лауазымын босатты.
Ержан Халиұлы Комитеттегі еңбек жолын 2019 жылдың күзінде бастаған. Алғашқы күннен бастап ол өзінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, Комитеттің имиджін көтеруде ауқымды жұмыс атқарды.
Айта кету керек, ол лауазымға тағайындалған кезде елде пандемия басталды. Денсаулық сақтау саласына зор міндеттер қойылды. Сенімді ақпаратты жедел алу қажеттілігі туындады. Негізгі мақсаттардың бірі COVID-19-дың таралуына жол бермеу және оның теріс салдарын азайту болды.
Аумақтық департаменттердің баспасөз қызметінің мамандарымен бірге халықты сағат сайын сенімді ақпаратпен қамтамасыз етіп, тілшілермен тәулік бойы байланыста болды. Әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда елдегі эпидемиологиялық ахуал, аурухана мен блок-бекеттердегі жағдай, дәрі-дәрмек қорлары туралы ақпарат жарияланып отырды. Қауіпке қарамастан, барлық қызметкерлер ауру ошақтарында жұмыс істеді.
Тұрақты әрі бірлескен жұмыстың нәтижесінде Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақталды, пандемияның салдары азайтылды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің имиджі жаңа деңгейге көтерілді.
Комитет атынан Ержан Халиұлына еліміз үшін қиын кезеңде көрсеткен ерлігі үшін ерекше алғысымызды білдіргіміз келеді. Білікті басшы ретінде пандемия кезінде халықпен бірге болып, мемлекетіміздің игілігі үшін қызмет етті және қойылған мақсаттарға абыроймен қол жеткізе білді. Алдағы жұмыста тек сәттілік тілейміз!