Қызылордалық СЭБ мамандары азық-түлік пен мектеп формаларын тексерді

Қызылордалық СЭБ мамандары азық-түлік пен мектеп формаларын тексерді

             Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тамыз айында өнімдер қауіпсіздігін мониторингілеу мақсатында сауда орындарынан 211 сынама сатып алды. Басым көпшілігін тағам өнімдері құрады – 64%, қалған 36%-ы - азық-түлік емес өнімдер.

             Іріктеп алынған сынамалар Ұлттық сараптама орталығының Қызылорда облыстық филиалында микробиологиялық, органолептикалық көрсеткіштер бойынша тексерілді. Нәтижесінде 14 сынама техникалық регламенттер талаптарына сай болмай шықты.

             Атап айтқанда, физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша бір сәйкессіздік, таңбалануы бойынша 13 бұзушылық анықталды. Тауарлардың жапсырмаларында өнімнің қайда дайындалғаны, өндіруші, мекен-жайы, құрамы, жарамдылық мерзімі мен өндірілген күні, ойыншықтарда жас ерекшелігі бойынша мемлекеттік тілде ақпараттар берілмеген.

             Жүргізілген мониторинг аясында жаңа оқу жылының басталуына орай мектеп формасы мен оқу-құралдары белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілді. Сараптамаға 8 оқулық, 2 оқушы сөмкесі және 5 мектеп формасы іріктеп алынды.

             Оқулықтар кітап басылымдарына қойылатын гигиеналық нормативтер талаптарына сай. Ал сөмке мен киім үлгілері таңбалану бойынша техникалық регламенттер талаптарына сәйкес болмай шықты – өндіруші туралы ақпарат, дайындалған және жарамдылық мерзімдері бойынша ақпараттар жоқ.

             Бекітілген нормативтерге сай болмай шыққан барлық өнімдердің төртеуі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде өндірілген, қалған 10-ы - өзге де шет елдер өнімі. 

             Регламенттер талаптарына сәйкес келмеген өнімдер бойынша 8 сауда объектісіне Қазақстан Республикасының  халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзуды жою бойынша ұйғарымдар берілді. Отандық өнімдер бойынша өндірушілерге тиісті шаралар қабылдау қажеттілігі туралы хабарламалар жіберілді.

             Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қауіпсіздік талаптары бойынша бұзушылықтар анықталған тауарлар бойынша ақпаратпен http://reestr-np.kz/rus сайтында танысуға болатындығын еске салады.