
Ұлттық алдын алу екпесінің күнтізбесіне сәйкес республика бойынша оқу жылының бірінші айында балаларды ревакцинациялау өткізіледі. 16 тамызда Ақтөбе облысының Санитариялық-эпидемиологиялық департаменті, Денсаулық сақтау мен Білім басқармалары арасында бірлескен бұйрық бекітілді.
Осылайша, қазіргі таңда теріс Манту сынамасы бар, туберкулез жұқпаған, дені сау 1-сынып оқушыларын БЦЖ вакцинасымен ревакцинациялау бойынша ұйымдастыру жұмысы жүргізілуде. Екпе ата-аналардың келісімі бойынша, дәрігердің алдын ала қарауынан кейін жүргізіледі.
2022 жылдың 7 айында Ақтөбе облысында туберкулез аурушаңдығының көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 23,8-ді құрап, 2021 жылдың ұқсас кезеңімен (2021ж. 7 айы - 23,0) салыстырғанда 1,0 есеге ұлғайғандығы байқалады. Балалар мен жасөспірімдер арасында аурушаңдық көрсеткіші 8,5-ті құрап, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бір деңгейде болды.
Туберкулез – ол инфекциялық ауру. Науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде, туберкулез қоздырғышы сау адамның тыныс алу жолдары мен өкпелеріне енеді. Жалпы белгілер - жөтел, әлсіздік, терлеу, салмақ жоғалту, шаршау және дене температурасының ұзақ уақыт бойы жоғарылауы.
Барлық сау нәрестелерге, сондай-ақ 6 жастағы балаларға (1-сынып) туберкулезге қарсы вакцинация жүргізудің маңызды профилактикалық мәні бар.
Мамандар туберкулезді ерте анықтау мақсатында жыл сайын профилактикалық медициналық қарап-тексеруден ("қауіп" тобындағы 15 жасқа дейінгі балаларға – Манту сынамасы бойынша тексеруден, 15 жастан бастап - флюорографиялық тексеруден) өту қажет екенін еске салады.
Денсаулыққа мұқият қарау, аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігерге уақтылы жүгіну, дәрігердің ұсынымдарын қатаң сақтау, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің бақылауымен үздіксіз емдеу ауруды толығымен емдеуге көмектеседі.