
Безгек - безгек паразиттерінен туындайтын және негізінен маса арқылы таралатын адамның трансмиссивті протозоальды инфекциялар тобы. Аурудың басты белгілері - әлсіздік, жүрек айнуы, құсу, сирек жағдайда сұйық нәжіс және дене температурасының 37-37,9 граусқа дейін көтерілуі.
2001 жылдан бастап республика аумағында безгектің жергілікті жағдайлары тіркелген жоқ. Жыл сайын жергілікті инфекцияның берілуіне жол бермей, безгекті бірлі-жарым әкелу жағдайлары тіркеледі.
Ауруды алдын алу мақсатында халықаралық сапарға шығатын кейбір адамдарға жолға дейін, оның барысында және оралғаннан кейін дәрі-дәрмектерді (химиопрофилактика) қабылдауы қажет болуы мүмкін.
Безгекті жұқтыру қаупі жоғары елдерде ымырт түскеннен таң атқанға дейін ашық ауада болудан аулақ болу қажет. Оған қоса, ұзақ әрекет ететін инсектицидпен өңделген арнайы торлардың астында ұйықтау, сондай-ақ қорғаныш киім мен репелленттерді пайдалану ұсынылады.
Жүкті әйелдерге безгек таралған өңірлерге барудың қажеті жоқ – олар үшін инфекцияны жұқтыру ана өлімі, түсік түсіру, өлі туу, баланың туу кезіндегі салмағының төмендігі сияқты қауіптерді туындатады. Ата-аналарға сәбилерді және кішкентай балаларды сапарға алып барудың қажеті жоқ.
Егер адам безгек масаларымен байланысқаннан кейін үш ай ішінде өзін нашар сезінсе, міндетті түрде емдеуші дәрігерге безгек бойынша эндемиялық елдерде болғаны туралы хабарлау қажет.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, безгек ауруының қаупі Африка, Оңтүстік Шығыс Азия, Шығыс Жерорта теңізі, Тынық мұхитының батыс бөлігінде және Америкада сақталуда. 2020 жылы бүкіл әлемде безгектен 241 миллионға жуық адам зардап шекті, оның ішінде 627 мың адам қайтыс болды.