Жамбыл облысында тырысқақ қоздырғышы анықталған жоқ

Жамбыл облысында тырысқақ қоздырғышы анықталған жоқ

             Тырысқақ – зақымдалған тамақ өнімдері немесе су ағзаға түскен кезде бактерия тудыратын жедел диареялық инфекция. Жамбыл облысында тырысқақ жұқпалы ауруының алдын алу мақсатында эпидемиологиялық маусымда, мамыр-қазанда, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандарымен судың беткі қабаттарынан және сыртқы орта объектілерінен тырысқақ вибриондарының болуына тұрақты түрде зерттеулер жүргізіледі.

             Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша облыстағы су жинағыштардан, жаппай ұйымдастырылған рекреациялық су пайдалану орындарынан (демалыс аймақтары, бассейндер, субұрқақтар, аквапарктер) және орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға арналған сарқынды сулардан 858 су сынамасы алынды және Тараз қаласындағы Ұлттық сараптама орталығыны жолданды.

             Зерттеу нәтижелері бойынша тырысқақ  қоздырғышы анықталған жоқ. Таза суды сақтау, сондай-ақ хлорлау сапасын тексеру бойынша іс-шаралар жалғасуда.

             Тырысқақ ауруы тіркелген жағдайда дәрігерлер жұқтыру ошағын анықтап, науқасты адамдардан бөлектейді. Карантин жарияланады. Ауру асқынса науқас адам айналасындағыларға қауіп төндіреді, өйткені науқас құсып және жиі-жиі іші өтеді. Күніне шамамен 20-30 литр сұйық зат шығаруы мүмкін.

             Тырысқақ ішек аурулары арасында өте қауіпті және жұқтыру қаупі өте жоғары. Берілу жолдары әртүрлі болғандықтан, ауру өте тез таралады. Инфекцияның таралу көзі тырысқақ бойынша қолайсыз аумақтан келген, тырысқақтың тасымалдаушысы болып табылатын, қоздырғышты нәжіс пен құсу арқылы бөлетін науқас болып табылады.

             Инфекцияны жұқтыру жолы ауыз-нәжістік деп аталады. Тырысқақ қоздырғышы адам ағзасына тамақ пен су ішу арқылы енеді, науқаспен байланыста және науқас қолданған тұрмыстық заттарды қолдану арқылы жұғады. Тырысқақ вибрионы суда, сүт өнімдерінде және ағынды суда ұзақ уақыт сақталады.

             Тырысқақ вибрионы адамның аш ішегін зақымдайды, ағзаны қатты уландырады. Бұл аурудың жасырын кезеңі бір күннен бес күнге дейін созылады. Тырысқақтың өзіне тән ерекшелігі - ауру бірден өткір түрінде, кенеттен басталады. Аурудың алғашқы белгісі – іш өту болып табылады.

             Алдын-алудың негізгі әдісі - қолды мұқият жуу, әсіресе тамақ дайындау және тамақтану алдында. Мамандар қайнаған су ішуді ұсынады. Пайдалану кезінде өнімдердің термиялық өңделгеніне көз жеткізіңіз. Алдын ала дайындалған тағамдарды жақсылап жылыту керек. Сүт ішер алдында оны қайнатыңыз.