Қызылорда облысында соңғы 19 жылда обаны жұқтырудың бір де бір жағдайы анықталған жоқ

Қызылорда облысында соңғы 19 жылда обаны жұқтырудың  бір де бір жағдайы анықталған жоқ

             Қызылорда облысында оба ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақты бақылауда. 2022 жылы өңір тұрғындары арасында оба ауруы анықталған жоқ. Соңғы рет сырқаттанушылық дерегі 2003 жылы Арал ауданында тіркелді.

             Аурудың алдын алу мақсатында М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті және карантинді инфекциялар ғылыми орталығының Арал теңізі және Қызылорда обаға қарсы  күрес станциялары филиалдарының мамандары табиғи қоршаған ортаның 125 мың ш.м. астам жер аумағын эпизоотиялық зерттеуден өткізді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 232 мың шаршы шақырымнан асты.

             Оба эпизоотиясы анықталған 19 елді мекеннің айналасына 41 мың ш.ш. санитариялық қорғаныс белдеуі жасалды. Жерлерге далалық дезинсекция жасалды.  

             166 елді мекенге барлау жұмыстары жүргізілді. Кеміргіштердің мекендеуіне 530 мың ш.м. жер көлемі, эктопаразиттердің мекендеуіне 215 мың ш.м. жер көлемі зерттелді. Сондай-ақ аудандарда кеміргіштерге қарсы дератизациялау жұмыстары жүргізілген. Жалпы ауданы – 430 мың ш.м. Эктопаразиттерге қарсы осындай жұмыс 410 мың ш.м. жүргізілді.

             Обаның алдын алу шараларының бірі – екпе алу. Ағымдағы жылы Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы филиалының қызмет көрсету аумағында қауіпті топқа жататын 11 мыңнан астам адам обаға қарсы егуге жоспарланды.

             Вакцинаторлар жыл сайын арнайы дайындықтан өткізіледі. Егу жұмысына тек арнайы рұқсаты бар медицина мамандары тартылады. Процедуралар медициналық мекемелердің егу бөлмелерінде жүргізіледі. Вакцина жасау алдында екпе алатын адам міндетті түрде дәрігердің қарап-тексеруінен өтеді. Вакцинациядан кейінгі асқыну жағдайлары тіркелген жоқ.

             Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аймақтағы обаға қарсы күрес станциялары мен бөлімшелерінің мамандарымен бірлесіп, өңірдегі емдеу-сауықтыру мекемелерінің аса қауіпті ауруларға қарсы дайындық деңгейлерін зерделеп отырады.

             Мәселен, аса қауіпті ауруларға күдікті жағдайлар анықталған кезде жүзеге асырылатын алғашқы жедел іс-шаралар жоспарлары мен хабарлау кестесі, обаға қарсы қорғаныс киімдері мен зертханалық жиынтықтардың толық жабдықталуы, дәрі-дәрмек, залалсыздандыру, тұзды ертінділердің артық қорын жасау мен дәрігерлер және орта буын медицина қызметкерлерінің аса қауіпті жұқпалы және карантинді аурулар жайлы білімі мен біліктілігін жоғарылату деңгейі зерделенеді.

             Сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Семинарларда клиникалық белгілер, эпидемиология, жұғу жолдары, патогенез, асқынулар мен зардаптар, алдын алу шаралары жайлы толық мәліметтер беріледі. Обаның алдын алу тұрақты бақылауда.