Елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға арналған контейнерлерді орнатуға қойылатын санитариялық талаптар

Елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға арналған  контейнерлерді орнатуға қойылатын санитариялық талаптар

             Манғыстау облысында бақылау мен біршама өзгерістер енгізуді талап ететін мәселенің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлер және қалдықтарды жинаумен айналысатын мекеменің қызметі болып отыр.  

             Елді мекен ішінде қоқыстар шашылып, контейнерлер толып, жағымсыз иістің шығуы инфекциялық және басқа да аурулардың пайда болуына, сонымен қатар кеміргіштердің көбейіп, ауруды тасымалдануына әкеп соқтырады.

             Мұның бірден бір себебі, контейнерлер санының жеткіліксіздігі, уақытылы шығарылмауы, белгіленбеген орындарға қоқыстардың тасталуы, контейнерлердің беті жабылмай, қоршалмай, орналасқан орында санитариялық жағдайдың болмауы.

             Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары қарапайым жүріс-тұрыс қағидаларын сақтауды ұсынады:

- қоқысты үйдің кіреберісінде, көшеде қалдырмай, арнайы контейнерлерге тастау;

- балаларға қоқысты контейнерлердің ішіне тастауды түсіндіріп, үйрету;

- үйге іргелес аумақтың тазалығын сақтау;

- ауланы абаттандыруға қатысу.

             Егер тұрғындар қоқыстың уақытылы шығарылмай жатқанын, белгіленбеген орындарда қоқыстың жиналуын байқаған жағдайда, «Egov.kz.» порталы немесе «E-otinish.kz» ақпараттық жүйесі арқылы жергілікті атқарушы органға жағдайды шешу үшін шағымдана алады.

             Қоғамдық орындарды ластағаны үшін, оның ішінде белгіленбеген орындарда қалдықтарды тастағаны үшін ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

             Жоғарыдағы бұзушылықтар анықталған жағдайда, қоғамдық орындарды, яғни саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау ӘҚБтК-нің 434-бабына сәйкес, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға әкеп соғады. Аталған бұзушылықтар  анықталған жағдайда бұзушылық фактілерін фотоға немесе бейне жазбаға түсіріп құқық қорғау органдарына  (полиция 102 нөмеріне) жүгінуге де болады. 

Құрметті азаматтар!

             Тазалық – денсаулық кепілі демекші, тазалық бар жерде әрқашан жайлы өмір қатар жүреді. Қоршаған ортаның тазалығы да адам өміріне әсер етеді. Таза ортаның табиғаты да, ауасы да адам жанына жылулық ұялатады. Сондықтан да, бақытты өмір сүргіңіз келсе, деніңіз сау болсын десеңіз, әрдайым тазалық сақтап, әрқашан қоршаған ортаны таза ұстап, табиғаттың сұлулығын бағалауымыз қажет!