
Күн суытқан уақытта респираторлық вирустармен, әсіресе тұмаумен ауырудың өсімі ұлғаяды.
Тұмау – жасы мен жынысына қарамастан барлық адамдарды зақымдайтын қауіпті вирустық жұқпалы ауру болып табылады. Өткен жылы Атырау облысында тұмау аурушаңдылығының 7 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 2 жағдай, басқаларында – 5 жағдай.
Тұмаудың жаңа эпидемиялық маусымына ресейлік өндірістің «ГРИППОЛ+» вакцинасының 65000 дозасы сатып алынды.
Атырау облысында тұмауға қарсы 67 671 адам екпемен қамтылған, оның ішінде 65 000 адам ақысыз негізде қамтылған.
Вакцинациялаудан кейін қолайсыз реакциялар тіркелген жоқ.
2022 жылы Атырау облысында 7 айдың қорытындысы бойынша тұмау аурушаңдылығы тіркелген жоқ. 2022-2023 жылдардағы эпидемиялық маусымда тұмау және жіті респираторлық вирустық инфекциялар бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу жұмысы басталуда. Осыған байланысты жіті респираторлық вирустық инфекцияға жалпы сипаттама келтірейік:
Жіті респираторлы вирустық инфекциялар (ЖРВИ) адам денсаулығына да, елдің экономикасына да зардабын тигізетін дерт болып табылады. ЖРВИ-дың ішінде ең қауіптісі тұмау болып табылады.
Тұмаудың қоздырғышы вирус болып табылады. Дәрігерлер тұмау ауруының вирусын тұрақсыз дейді. Әрбір екі-үш жыл сайын ол өзінің қасиетін өзгертіп отырады және 10-12 жыл сайын вирустың жаңа түрлері пайда болып, олар алдыңғы түрлерінен өзгеше болып келеді. Негізі тұмау адамға ұсақ түкіріктер немесе сілекейден жөтелгенде, түшкіргенде жұғады.
Тұмау ауруының алғашқы кезеңі өте жедел басталады. Жасырын инкубация мезгілі бір-екі күнге созылып, кейін мына белгілер пайда болады: әлсіздік, дене қызуының жоғарылауы, бас ауруы, бұлшықеттерінің ауруы.
Тұмау вирусының қауіптілігі организмдегі созылмалы жүрек, өкпе, жүйке, жүрек-тамыр жүйесіндегі ауруларды асқындыруы болып табылады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пікірінше тұмаумен күресудің экономикалық және әлеуметтік нәтижелі алдын алу шарасы – вакцинация болып табылады.
Сондай-ақ тұмаудың алдын алу:
- науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу;
- адамдар көп жиналатын жерлерге барудан бас тарту;
- маусымға сәйкес киіну;
- ауырған жағдайда вирусты таараптау үшін оқшауланған абзал;
- халық көп жиналатын жерлерде қорғаныс ретінде бетперде тағу қажет. Сондай-ақ науқасқа күтім жасаған кезінде науқас адам да, дені сау адам да қорғаныс ретінде бетперде тағуы тиіс;
- науқас үйде болғанда оны оқшаулау керек, бөлмені жиі желдетіп, науқасқа жеке ыдыс бөлу керек;
- науқасқа күтім жасағанда ең тиімді тәсілдердің бірі қолды сабынмен немесе дезинфекциялық сулықтардың көмегімен жиі жуу болып табылады.
Тұмау өзінің асқынуларымен қауіпті. Сол себепті үй жағдайында өз бетімен ем қабылдамай, дәрігердің көмегіне жүгінген жөн.
Арнайы бақылаулар көрсеткендей, адамның қолдары күніне 300 рет мұрын мен көзден бөлінетін сілекеймен байланысады.
Алдын алу үшін иммунитетті арттыратын қолжетімді әдістерді қолдануды ұмытпаңыз (пияз және сарымсақ сияқты табиғи фитонцидтер, шөптерден, қарақаттан, итмұрыннан жасалған қайнатпаны көп ішу, мысалы, С дәрумені көп тағамдарды тұтыну, мысалы, ашытылған қырыққабатты, цитрус жемістерін, сондай-ақ ақуызға бай тағамдарды тұтыну).
Құрметті азаматтар!
Тұмау асқынулармен қауіпті, сондықтан тыныс алу органдары ауруларының алғашқы белгілері пайда болған кезде өз бетінше емделуіңізге болмайды, дереу дәрігерге жүгінуіңіз қажет.