Елорданың санитарлық дәрігерлері бруцеллездің алдын алу шаралары туралы

Елорданың санитарлық дәрігерлері бруцеллездің алдын алу шаралары туралы

             Бруцеллез – ауру жануарлардан және мал шаруашылығы өнімдерінен адамдарға жұғатын, адам мүшелерін және жүйелерін зақымдаумен сипатталатын инфекциялық ауру. Инфекция қоздырғышы – бруцелла – төмен температураға жоғары төзімділігімен ерекшеленеді.

             Ағымдағы жылы Нұр-Сұлтан қаласында бруцеллезді жұқтыру оқиғалары тіркелген жоқ.

             Бруцеллезге үй жануарларының барлық түрі шалдыққыш. Алайда, инфекция көзі ретінде көп жағдайда ауруды ауылшаруашылығы жануарлары – ешкі, қой, сиыр, шошқа, сирек жағдайда – жылқы, түйе, ит, мысық және басқа жануарлар жұқтырады.

             Қалада тұратын адамдар үшін қой, ешкі (әсіресе брынза), сиырдан алынған термиялық өңдеуден өтпеген сүт тағамдары, сондай-ақ термикалық өңдеуден толық өткізілмеген ет қауіпті. Сондай-ақ қала тұрғындары бруцеллезге қолайсыз елді мекендерге (ферма, өндіріс) барғанда ауру малды бағып-күту кезінде санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтамағандықтан бруцеллезді  жұқтыруы мүмкін.

            Бруцеллез кезінде инкубациялық кезең 7-21 және одан да көп күнді құрайды. Ауру ағзаның көптеген мүшелері мен жүйелерінің процеске қатысуымен, кейде жеңіл белгілердің кең спектрімен жүреді. Ол, әдетте, дене температурасының 39-40°C-қа дейін көтерілуінен басталады (температура кешкі және түнгі уақытта көтеріледі) 7-10 күн немесе одан да көп. Қызба қалтырау, терлеудің жоғарылауы және интоксикацияның жалпы белгілерімен бірге жүреді. Кейіннен тірек-қимыл аппаратының, жүрек-тамыр, жүйке және ағзаның басқа жүйелерінің зақымдану белгілері қосылады. Уақтылы емделмеген жағдайда ауру созылмалы түрге өтеді. Тірек-қимыл аппаратының органикалық өзгерістері, кейде бруцеллезбен ауыратындарда дамиды (буындардың деформациясы, анкилоз, контрактура, бұлшықет атрофиясы, спондилёз), кейбір жағдайларда хирургиялық емдеуді және мүгедектік тобын анықтауды қажет етеді. Бруцеллездің емделуі ұзақ уақытқа созылады.

            Бруцеллезді жұқтыруды болдырмау үшін Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары қарапайым қағидаларды сақтауды ұсынады:

- азық-түлікті өңдеудің жақсы әдісі – оны жоғары температурада ұстау; 

- қолдан сүт алмаңыздар, базардан немесе жеке адамнан сатып алсаңыз – қолдаар алдында қайнатыңыз;

- барлық сүт өнімдерін (ұйыған сүт, ірімшік, айран, қаймақ, май) пастерленген сүттен дайындаған жөн. Брынзаны өңдеп дайындағанда екі ай, ірімшікті - бір ай ұстау қажеттігін есте сақтаңыз;

- базардан ет, сүт өнімдерін сатып аларда ветеринарлық зертханадан берілген сапа сертификатын сұраңыз;

- егер еттің сапасына күмәндансаңыз – оны кішкентай бөлшектермен 3 сағат бойы қайнатыңыз.

Құрметті елорда тұрғындары!

            Жоғарыда аталған қарапайым қағидаларды ұстансаңыз, аса қауіпті «Бруцеллез» ауруынан өзіңізді және жақындарыңызды қорғай аласыз!