
2022 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында жаңа туған нәрестелер арасында 4 іріңді-септикалық инфекция тіркелді (2021ж. 7 айында – 5 жағдай). Тіркелген 4 іріңді-септикалық инфекцияның 3 жағдайы – жатырішілік пневмония, 1 жағдайы – терінің оқшауланған инфекциясы. Микробтық пейзажы: Staphylococcus epidermidis, Moraxella catarrhalis, Staphylococcus haemolуticus, Klebsiella pneumoniae инфекция қоздырғыштары анықталған.
Жаңа туған нәрестелердің іріңді-септикалық инфекциялары – бұл жатырдағы ұрықтың және ерте жастағы балалардың инфекциялық-қабыну ауруларының тобы. Инфекция көп жағдайларда жатыр ішінде жұғады.
Егер анасы жүктілік кезінде баспамен ауырса немесе ол адамда созылмалы инфекциялар болса, сондай-ақ несептік-жыныстық аурулармен (эндометрит, кольпит, пиелонефрит ж.т.б.) ауырса жатырішілік инфекция жұғуы мүмкін. Жүкті әйелдердің босанғанға дейінгі кезеңде уақтылы емделмеуі, аналардың нәрестелерді күту (суға түсіру, құндақтау, емізу) кезінде жеке бас гигиенасын сақтамауы жаңа туған нәрестелер арасында іріңді-септикалық инфекциялардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін.
Болашақ нәрестенің және анасының ауырып қалуының ықтимал қаупін болдырмау мақсатында жүкті әйел өзінің және нәрестенің ағзасын қорғау үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары мынадай іс-шараларды ұсынады:
- жүктілікке уақтылы дайындалу және жоспарлау;
- жүкті әйелдердің уақтылы есепке тұруы және босануға дейін несептік-жыныстық жүйенің ауруларын емдеу;
- нәрестеге күтім көрсету кезінде анасының перзентханаларда және үйінде жеке бас гигиенасын сақтауы;
- перзентханаларда қол гигиенасын, санитарлық қағидалардың талаптарын қатаң сақтау.