
«Жалпы білім беретін және интернаттық ұйымдардың құрылымына, оларды ұстауға және оқыту жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары мен нормаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы негізінде Алматы және Жетісу облыстарының аудандық және қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының бақылауында 777 жалпы білім беретін объекті бар.
2021-2022 оқу жылында Департамент мамандары жалпы білім беру орталықтарында ерекше тәртіп бойынша 608 тексеру жоспарлады. Бүгінгі күні 595 мектеп тексерілді. Тексеру нәтижелері бойынша жеке және лауазымды тұлғаларға 614 айыппұл салынды. Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу бойынша 587 ұйғарым берілді. Сондай-ақ, медициналық тексеруден және санитариялық минимумнан уақтылы өтпегені үшін 13 декреттелген адам жұмыстан уақытша шеттетілді.
Бұдан басқа, екі облыста үш ауысымды мектептер саны артты, 2020-2021 оқу жылында 49 мектеп болса, қазіргі кезде Іле ауданында 20, Қарасай ауданында 12, Жамбыл ауданында 10, Еңбекшіқазақ ауданында 5, Талғар ауданында 6 және Ұйғыр ауданында бір үш ауысымды мектеп бар. Жыл сайын мектептер салынып, пайдалануға берілетініне қарамастан, бұл мәселе өзекті болып қала береді.
Сонымен қатар, 2021-2022 оқу жылында 3 жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Іле ауданының Қараой ауылындағы үш ауысымды мектептерді жою мақсатында 900 орындық ғимарат, Боралдай ауылы – 300 орындық, Қосөзен ауылы - 900 орындық ғимарат пайдаланылуда. Жаңа оқу жылына 2 ғимарат пайдалануға берілді, бұл Іле ауданының Жәпек батыр ауылы - 900 орындық және Қонаев қаласының жеке мектебі - 700 орындық. Жыл соңына дейін төрт мектеп пен 3000 орындық бір қосымша ғимараттың құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Аудандық және қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандары мектеп директорларымен 2022-2023 оқу жылына дайындық және 12 жастан бастап жасөспірімдерді вакцинациялау туралы таныстыру және түсіндіру семинарын өткізді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аудандық, қалалық білім бөлімдерінің мамандарымен бірлесіп, мектептердің дайындығына тұрақты мониторинг жүргізеді.