
Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті оқушылардың денсаулығын сақтауда гигиеналық талаптарды ескере отырып таңдалған мектеп формасы мен аяқ киім маңызды рөл атқаратынын мәлімдейді.
Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары сауда нүктелерінен санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін, сатып алу жолымен Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігі бойынша мектеп формасы мен аяқ киімнің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізеді. 2022 жылы мектеп формасы мен аяқ киімнің 16 үлгісі іріктеліп алынды, таңбалау бойынша 8 сәйкессіздік анықталды. Барлық фактілер бойынша бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Оқушылар мектепте ұзақ уақыт өткізеді, сондықтан олар мектеп костюмдерінде өзін өте ыңғайлы және жайлы сезінуі керек. Дұрыс таңдалған киім қажетті дене температурасын, ылғалдылықты және ауа өткізгіштігін қамтамасыз етеді.
Мектеп формасы мен аяқ киім өлшеміне сай, әдемі ғана емес сапалы, киюге ыңғайлы болуы керек. Оны киюге және шешуге оңай болуы керек.
Құрметті ата-аналар, мектеп костюмдері мен аяқ киімдерін сатып алған кезде есіңізде болсын:
1) гигиеналық талаптарда матаның құрамы маңызды рөл атқарады және бұл үшін сатып алар кезде таңбалауды мұқият оқып шығыңыз;
2) химиялық тазалауды қажет ететін форманы сатып алмаңыз. Гигиенист дәрігерлер біркелкі тазалау кезінде қолданылатын химиялық заттардың балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына зиянын тигізетінін ескертеді;
3) мектеп формасының табиғи матадан тігілгені дұрыс: мақта, зығыр, жүн және т.б. Баланың терісі синтетикалық матадан жасалған киіммен дем ала алмайды. Мектеп оқушыларында жылу алмасуды бұзу нәтижесінде – терлеу және салқын тию жоғарылайды. Бұл суық тиюге әкелуі мүмкін.
Синтетикадан жасалған мектеп формасын киген кезде пайда болатын аллергия өте қауіпті. Мұндай киімге шаң мен түрлі микроорганизмдер тартылады. Егер ол баланың шырышты қабығына түссе, мұның бәрі аллергиялық бөртпе тудыруы мүмкін.
4) балалар мен жасөспірімдердің тітіркенуі мен шаршауының себебі синтетикалық матадан жасалған киім киюі де болуы мүмкін, өйткені статикалық электр жүйке жүйесіне әсер етеді.
5) мектеп формасынан қатты иіс шықпауы керек. Егер матаның иісі жағымсыз болса, оның құрамында зиянды химиялық заттар болуы мүмкін.
Оқушының аяқ киімі өлшемі мен стилі бойынша аяқты деформацияламау керек. Балаңызға тым тар немесе бос аяқ киім сатып алмаңыз. Мектеп аяқ киімінің өкшесі 2 см-ден жоғары болмауы керек. Лакпен және резеңкеден жасалған аяқ киімді сатып алмаған жөн.
Құрметті ата-аналар!
Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Сіздің сатушылардан мектеп формасы мен аяқ киімге сәйкестік сертификатын сұрай алатыныңызды есіңізге салады! Бұл оқушылар денсаулығының қауіпсіздігінің кепілі.