Түркістан облысында жіті ішек инфекциясымен ауруханаға түсушілер саны артқан

Түркістан облысында жіті ішек инфекциясымен ауруханаға түсушілер саны артқан

             Маусымдық жіті ішек инфекциясының аурушаңдығы Түркістан облысында өршіп тұр. Мұның себебі жаз, күз айларында жеміс-жидек, көкөністердің пісіп, тұтынушылар санының артуымен байланысты.

             Өңірде өткен жылдың ұқсас кезеңінде ересектер арасындағы ЖІИ 170 жағдай тіркеуге алынса, 2022 жылы 279 аурушаңдық тіркеліп, 1,6 есеге артқанын көрсетіп отыр. Сонымен қатар аталған дертке шалдығу 14 жасқа дейінгі балалар арасында да жиі ұшырасады.

             Жыл басынан бері 215 бала ішек инфекциясымен аурухана төсегіне таңылған. Жіті ішек инфекциясы – адам ағзасына ауыз арқылы әртүрлі бактериялардың түсуінен болатын ауру түрі. Бактерия ішке түскен кезде асқазан-ішек жолдары зақымдалып, адамның мазасыздануына әкеледі.

             ЖІИ-дің өршуі жеміс-жидектерді тазалап жумай жеуден ғана емес, сонымен қатар құрамында бактерия жылдам пайда болатын кондитерлік өнімдер мен ет, сүт, салаттар мен балықтарды  тұтынудан да орын алады.

             Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары жіті ішек инфекцияларының алдын алу мақсатында жеке бас гигиенасының қағидаларын сақтауды ұсанады. Жеміс-жидектер мен көкөністерді суық немесе ыстық сумен мұқият жуу керек. Әсіресе, жылулық өңдеуден өтпейтін (нан, көкөністер, жемістер және т.б.) тағамдарға пайдаланылатын азық-түліктің тазалығын қадағалау маңызды. Қарапайым гигиена қағидааааларын сақтай отырып, жіті ішек инфекцияларымен зақымданудан және аурудан сақтануға болады.