СҚО-да туберкулез аурушаңдығы 35%-ға артты

СҚО-да туберкулез аурушаңдығы 35%-ға артты

            2022 жылы профилактикалық тексерулер кезінде науқастарды белсенді анықтауға байланысты 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда туберкулезбен сырқаттанушылықтың 35%-ға (26 жағдайға) өскені байқалады.

            Ағымдағы жылдың 6 айында жаңадан анықталған 102 туберкулез жағдайы тіркелді. СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандарының айтуы бойынша негізінен ересек адамдар  ауырады, балалар арасында жағдайлар аз. 18 жасқа дейінгі балалар арасында сырқаттанушылықтың 1 жағдайға аздап төмендегені байқалады. 0 жастан 18 жасқа дейінгі балалар арасында аурудың 3 жағдайы тіркелген.

             Туберкулезді ерте анықтау сәтті емдеудің кепілі болып табылады. Жоғары қауіп тобындағы адамдарды және міндетті контингентті флюорографиялық тексеру кезінде туберкулезбен ауыратын 61 науқас анықталды.

             Туберкулезбен сырқаттанушылықтың өсуі Петропавл қаласында 1,77 есе (17 жағдайға), Тайынша ауданында 9 жағдайға, Айыртау ауданында 7 жағдайға байқалады. Тыныс алу ағзалары туберкулезінің 97 жағдайының арасынан бактерия бөлетін 49 жағдай тіркелген.

             Туберкулезбен ауырғанда көбінесе келесі белгілер пайда болады:

- жөтел, дене температурасының жоғарылауы;

- әлсіздік, тершеңдік;

- тәбеттің төмендеуі, салмақ жоғалту;

- шаршау, кеудедегі ауырсыну.

             Туберкулез адамның жасына, жынысына қарамайды. Туберкулез микобактериясы әлеуметтік мәртебені ажыратпайды және кедейлер мен байларды бірдей тиімділікпен жұқтырады.

             Туберкулез ауруына жағымсыз факторлар үлкен рөл атқарады – тұрғын үй жағдайлары, дұрыс тамақтанбау, стресс, ұйқының болмауы, басқа аурулардың салдарынан ағзанын ауруға қарсылығының төмендеуі, халықтың санитариялық мәдениетінің төмен болуы адамның ағзасын әлсіретеді және аурудың қозуын арттырады. Алкоголь мен темекі шегуді теріс пайдаланатын адамдар туберкулез ауруына өте шалдыққыш.

             Балалар ауруының профилактикасында туберкулезге қарсы  вакцинациялау, жұқтырған балаларды  туберкулин сынамалары әдісімен анықтау, оларды туберкулез ошақтарынан оқшалау және сауықтыру өте маңызды болып табылады.

              Туберкулез ауруының алдын алудың маңызды шаралары: денсаулықты шынықтыру әдістерімен нығайту, иммунитетті төмендететін ауруларды емдеу.