Дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізетін ұйымдарды қалай таңдаған жөн?

Дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізетін ұйымдарды қалай таңдаған жөн?

             Қазіргі уақытта дезинсекция (жәндіктерді жою), дератизация (кеміргіштерді жою) бойынша қызметін көрсету ісі лицензиялауға жатпайды. Аталған қызмет хабарлама беру арқылы жұмысын жасайды, яғни бақылауға жатпайды және сәйкесінше даярланған мамандары бар ұйымдардан басқа «кездейсоқ», арнайы мамандары жоқ, әрі өңдеу үшін белгісіз препараттарды қолданатын ұйымдар да қызмет көрсетуі мүмкін.

             Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысында қызметтің аталған түрін көрсететін 20-дан астам ұйым бар.

             Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыс тұрғындарын белгіленбеген жерден, оның ішінде базарлардан белгісіз препараттарды сатып алмауға, сонымен қатар өңдеуді өздігіңізден жүргізбеуге шақырады! Кәсіби емес тәсіл денсаулығыңызға зиянын тигізуі мүмкін. Өздігінен өңдеу жүргізу өлімге әкеп соққан жағдайлар да болған.

Өңдеу жүргізу үшін мамандандырылған ұйымды таңдауда мыналарға назар аудару қажет:          

- жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіздігі мен сапасы үшін жауапкершілікті белгілей отырып, жұмыстарды жүргізу туралы міндетті түрде шарт жасасу (ұйымның деректемелері мен байланыс нөмірін көрсете отырып);

- қызметкерлердің мамандандырудан өткені туралы сертификаттың болуы, себебі дезинфекторлар әр 5 жыл сайын кәсіптік даярлықтан өтуге міндетті;

- препараттарды мемлекеттік тіркеу туралы сертификаттардың және оларды қолдану жөніндегі нұсқаулықтардың болуы (үй-жайдың түріне байланысты препараттарды қолдану шарттарын сақтау);

- препараттардың жарамдылық мерзімін сақтау, жарамсыздық белгілерінің болуы (түсінің өзгеруі, бөтен элементтердің болуы);

- дезинфекциялық қызметті жүзеге асыру кезінде жеке және қоғамдық қауіпсіздік шараларын сақтау (егер өңдеу көпқабатты тұрғын үйде болса, көршілерге алдын ала ескерту қажет).

             Ағымдағы жылдың 6 айында дезинсекция, дезинфекция, дератизация қызметтерін көрсету бойынша БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және оның аумақтық басқармаларының атына облыс тұрғындарынан шағымдар келіп түскен жоқ.