
Басқа елдерден импортталатын, сондай-ақ Қазақстан аумағында өсірілген барлық тағамдық жеміс-көкөніс өнімдері сатылымға түскен кезде тауарға ілеспе құжаттармен және оның қауіпсіздігін растайтын құжаттармен (өнімнің сәйкестігі туралы декларация) қоса жүруі тиіс.
Өтініш берушінің өнімді декларациялау кезіндегі міндетті кезеңдерінің бірі жеміс-көкөніс өнімдеріне, оның ішінде нитраттар мен пестицидтердің қалдық құрамына зертханалық бақылау жүргізу болып табылады.
Нитраттар – бұл өсімдіктердің қоректік элементтері болып табылатын азот қышқылының тұздары. Қалай қауіптің алдын алуға болады? Біріншіден, маусымда жергілікті өндірушілердің топырақта өсірілген көкөністерін таңдаған жөн. Екіншіден, тым үлкен емес және жылтыр емес жеміс-көкөністерді таңдау керек, өйткені олар нитраттардың көп мөлшерін жинауға бейім.
Нитрат өнімдерінің белгілері: тәтті дәмнің болмауы және қарбыз немесе қауынның піспеген тұқымдарының болуы, айқын емес дәм мен хош иіс (қияр, қауын), өсімдіктің ортаңғы бөлігінде тамырлы тін, қарбызда сары талшықтардың болуы.
Қауіпсіз бақша өнімдері тек тамыздың аяғында – қыркүйектің басында пайда болады. Осы уақытта алмұрт пен шабдалы да піседі. Қияр, алма, қызанақ пен қырыққабатты шілде айында сатып ала беруге болады.
Пестицидтер мен гербицидтер – бұл арамшөптерді, зиянкестерді, өсімдік қоздырғыштарын жою үшін және өсімдіктердің ылғалдығы мен өсуін реттеуші ретінде қолданылатын заттар. Адам ағзасына көп мөлшерде түскенде, улы әсері болуы мүмкін.
Сыртқы жағынан, пестицидтердің көп мөлшері бар көкөністер мен жемістер әдеттегілерден еш айырмашылығы жоқ, тек зертханалық зерттеулер артық мөлшерді көрсете алады.
Мұндайда негізгі сақтық шаралары – оларды ағынды сумен мұқият жуу. Егер жемістер сізге күмән тудырса, оларды аэрозольмен шашыратылған пестицидтердің ең көп мөлшері жиналатын қабықтан тазартқан дұрыс.
Құрметті Шығыс Қазақстан өңірінің тұрғындары!
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жұқпалы аурулардың және тағамнан уланудың алдын алу және оларды болдырмау мақсатында сатып алынған көкөністер мен жемістерді тұтынар алдында міндетті түрде сумен мұқият шаюға кеңес береді және ешбір жағдайда сатып алған жерде тұрып жеуге болмайды. Әсіресе, балаларға жуылмаған жеміс-жидектерді жегізбеу өте маңызды. Қарапайым гигиена қағидаларын сақтамау асқазанның бұзылуына, тіпті ауыр ішек инфекциялары – дизентерияға, А гепатитіне, энтеро және ротавирустық инфекцияларға әкелуі мүмкін!
Департамент бақша сыйларын «күмәнді» жерлерден емес, тек рұқсат етілген жерлерден сатып алуға кеңес береді. Рұқсат етілмеген жерлерде, табиғи базарларда, қала көшелерінде, автомобиль жолдарының бойында жемістер мен көкөністерді сатып алу дұрыс емес. Өнімді жерден, түпқоймасыз сату – санитариялық нормаларды өрескел бұзу. Өнімді тек сауда үшін арнайы бөлінген жерлерден сатып алу керек. Сондай-ақ, сатушыдан тауардың қауіпсіздігіне көз жеткізу үшін декларацияны көрсетуді сұрау артық болмайды.
Сапасыз жеміс-жидек сатып алсаңыз, не істеуге болады?
Департамент шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жариялауға байланысты жеке немесе заңды тұлғаның өтініші сатып алу орны мен күнін анықтауға болатын чекпен, фото немесе бейнематериалдармен расталуы тиіс екенін еске салады немесе медициналық көмекке жүгіну фактісі туралы анықтама немесе зертханалық зерттеулердің нәтижелері қоса берілуі керек.