
2019 жылдың қорытындысы бойынша орталықтандырылған сумен қамту көздерінің 4,2%-ы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейді, оның ішінде 66%-ында санитарлық-қорғаныш аймақтары жоқ. Бұл туралы ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Орталықтандырылған сумен қамту көздерінен алынған ауыз су сынамаларының зерттеу нәтижелері бойынша гигиеналық нормативтерге сай келмейтін фактілер анықталмаған.
Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2018 жылы микробиологиялық көрсеткіштер бойынша норматив талаптарына сай келмейтін жер асты су көздерінен алынған ауыз су сынамаларының үлесі – 0,9%-ды, санитариялық-химиялық көрсеткіштері бойынша – 1,6%-ды құраған болатын.
Өткен жылғы тексеру нәтижелері бойынша су тарату желісінде гигиеналық нормативтерге сай келмейтін ауыз су сынамаларының үлесінің микробиологиялық көрсеткіштері 1,5%-ды, ал санитариялық-химиялық көрсеткіштер алдыңғы жылғы санды 0,9% көрсетіп отыр.
Ауыз судың микробтық ластануына су құбырларының тозуы және желілерде жиі апаттық жағдайлардың орын алуы, жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін дезинфекциялау мен сапасыз жуу сияқты факторлар әсер еткен. Санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша гигиеналық нормативтердің артуы жалпы кермектілік, қышқылдану, құрғақ қалдықтан анықталған.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы облыс көлемінде халықты сумен қамту саласында жұмыс істейтін 69 субъект тексерілді.
Тексеру нәтижелері бойынша 77 айыппұл салынып (2018 ж. – 60), оның 75-і жалпы сомасы 4 633 375 тг. өндірілді.
Сот органдарына 3 іс жолданып, барлығы бойынша шешім қабылданып, тиісті ұйғарымдар берілді.