
Барлық емдеу-профилактикалық мекемелері санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес үй-жайлардың тазалығын қамтамасыз етуі тиіс. Алайда, бұл талаптар әрдайым сақтала бермейді және бактериялар, вирустар мен саңырауқұлақтардан туындайтын медициналық көмекті көрсетуге байланысты инфекциялармен (МККИ) ауыру қаупі жоғары.
Медициналық мекемелерде медициналық қызметтерді алу кезінде инфекция жұғуы мүмкін, сондай-ақ медициналық ұйым қызметкерінің кәсіби қызметін жүзеге асыруы салдарынан болған жұқпалы ауру болып саналады.
МККИ даму дәрежесіне қарамастан әлемдік ауқымда туындайды және оның барлық елдерге қатысы бар.
Қазіргі уақытта көпсалалы емдеу-профилактикалық ұйымдарында алдыңғы орында іріңді-септикалық инфекциялар (бұдан әрі - ІСИ) тұр. Көптеген жағдайда ІСИ босанғаннан кейінгі кезеңдегі және хирургиялық бейіндегі науқастарда жиі кездеседі.
2022 жылғы 6 айда Ақтөбе облысының емдеу-профилактикалық ұйымдарында МККИ-дің 24 жағдайы тіркелді, оның 9 жағдайы хирургиялық стационарларда, 6 жағдайы босандыру ұйымдарында, 2 жағдайы жаңа туылған нәрестелер арасында, 6 жағдайы егуден кейінгі асқынулар, зәр шығару органдарының асқынуы 1 жағдай.
Емдеу ұйымдарындағы МККИ аурушаңдығының себептері мен факторлары:
- пациенттердің ағзасының қарсылық күшінің төмендеуі;
- күрделі диагностикалық және емдеу процедураларының жүргізілуі (зонд қою, эндоскопия, пункция, қан алу, егу, органдар мен тіндерді трансплантациялау, оталау, интубацилау, катетерлеу, гемодиализ);
- емдеу ұйымдарының аспаптармен, құрал-саймандармен, таңу заттарымен жабдықталуының материалдық-техникалық жектіліксіздігі;
- авариялық жағдайлар (су, канализация жүйесінде), суық, ыстық судың үзіліспен берілуі, жылу және электрожабдықтардың бұзылуы;
- персоналдың және науқастардың өздерінің жеке бас гигиенасын сақтамауы.
МККИ-дің алдын алу шаралары
- санитариялық қағидалардың талаптарын сақтай отырып, емдеу мекемелерін салу және реконструкциялау;
- тиімді жасанды және табиғи желдету;
- сумен жабдықтау және су бұру жағдайларын нормативке сай келтіру;
- медициналық қалдықтармен жұмыс істеу қағидаларын сақтау;
- МККИ-ді эпидемиологиялық қадағалау:
- санитариялық-дезинфекциялық режимді зертханалық мониторингтеу;
- МККИ-дің алдын алу мәселелері бойынша қызметкерлерді дайындау және оқыту;
- медицина персоналының міндетті және мерзімдік медициналық тексеріп-қараулардан уақтылы өтуі және персоналды иммундауды жүргізу.