
Балаларға арналған ойыншықтарды таңдау кезіндегі ата-аналардың біліктілігін анықтау мақсатында Алматы облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары Талдықорған қаласының тұрғындары арасында ойыншықтардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды білу бойынша сауалнама жүргізді.
Сауалнамаға барлығы 40 респондент қатысты, қорытындысы бойынша тұтынушылардың 89%-ы ойыншықтарды таңбалауға назар аудармайтыны белгілі болды.
«Сіз ойыншық сатып алғанда алдымен неге назар аударасыз?» деген сұраққа 72,5% тұрғын – тауар сапасына, 26,5% - өндіріс еліне, 42% - бағасына және респонденттердің тек 11%-ы тауардың таңбалануына назар аударатынын айтты. Сонымен қатар, респонденттердің 73%-і баға – ойыншықтарды сатып алу кезінде шешім қабылдауға әсер ететін маңызды факт екеніні атап өтті.
«Сіз ойыншық сатып алған кезде ойыншықтың таңбасындағы ақпаратты оқисыз ба?» деген сұраққа респонденттердің тек 47%-і «Иә» деп жауап берді.
Сондай-ақ, тұтынушылардың 75%-і сатушылардан ойыншықтардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды сұрамайтыны белгілі болды. Тиісінше, сұралғандардың 53%-і Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентін білмейді.
Айта кетейік, сауалнама жүргізілгеннен кейін тұрғындарға ойыншықтарды таңбалауға қойылатын талаптарды түсіндіретін парақшалар табыс етілді. Өйткені бұл – балаларыңызға бақытты және қауіпсіз балалық шақты қамтамасыз ететін ең құнды ақпарат.