Жыл басынан бері Нұр-Сұлтанда тамақтан уланудан 195 адам зардап шекті

Жыл басынан бері Нұр-Сұлтанда тамақтан уланудан 195 адам зардап шекті

             Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық тамақтану объектілеріне байланысты жаппай тамақтан уланудың 4 жағдайы тіркелді, зардап шеккендердің жалпы саны - 195 адам, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны - 29.

             Қоғамдық тамақтану  объектілеріне байланысты уланудың жиі кездесетін себептері технологиялық процестер мен тамақ дайындау технологиясы ағымының бұзылуы, шикізатты еріту қағидаларын сақтамау, тауарлық көршілестік қағидаттарын сақтамау, атап айтқанда шикі өнімді дайын өнімнің жанында сақтау, жарамдылық мерзімдерінің сақталмауы, жеке және өндірістік гигиена қағидаларының сақталмауы, ауру тудыратын микроорганизмдермен зақымдалған сапасыз шикізатты пайдалану, персоналда медициналық қарап-тексерудің болмауы немесе оның формальды түрде өтуі, іріңді және жұқпалы аурулар белгілері бар персоналды жұмысқа жіберу және т.б. себептер болып табылады.

             Жаппай тамақтан уланудың 2 жағдайына "жауапты" өнім - суши болды.

            Неліктен теңіз өнімі - суши қауіпті болуы мүмкін?  Қоғамдық тамақтану объектісінде орын алуы мүмкін жоғарыда аталған бұзушылықтардан басқа, суши дайындау барысында және қолданар алдында еріту кезеңінен өтетін шикі мұздатылған балық пайдаланылады. Бұл ретте, балықты тасымалдау жағдайлары, балықтың қанша рет ерітілгені және қайта мұздатылғаны, сондай-ақ ерігеннен кейін объектіде оны сақтау мерзімдері мен шарттарының сақталуы белгісіз, бұл да шикізаттың ауру тудыратын микроорганизмдермен тұқымдануының үлкен қаупіне алып келеді.  

            Сонымен қатар, суши - бұл көп компонентті тағам, оның ингредиенттері алдын-ала дайындалады, ал соңғы өнім (суши) көбінесе термиялық өңдеуден өтпейді.

            Нұр-Сұлтан қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті елорда тұрғындарын тамақ ішуге арналған мекемелерді мұқият таңдауға, жылдың жазғы кезеңінде жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген, құрамында құс еті, жұмыртқа, теңіз өнімдері (салаттар, әсіресе майонез және қаймақ қосылған салаттар, суши, кілегей-кондитерлік өнімдер және т. б.) бар көп компонентті тағамдарды тұтынудан бас тартуға шақырады. Сондай-ақ, балалар мәзірін таңдағанда ерекше назар аударыңыз.

            Өзіңізді және денсаулығыңызды қорғаңыз!