
Соңғы уақытта Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне (бұдан әрі – Департамент) кеміргіштер (егеуқұйрықтар, тышқандар) мен жәндіктердің (тарақандар, қандала, масалар) көбеюіне байланысты қала тұрғындарынан жаппай шағымдар жиі түсуде.
Осыған байланысты Департамент Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, қазіргі уақытта профилактикалық дератизацияны ұйымдастыру және жүргізу бойынша барлық іс-шараларды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жергілікті атқарушы орган, атап айтқанда, Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы жүзеге асыратынын хабарлайды. Қала аумағында және жеке меншік үй иеліктерінде профилактикалық дератизация жылына екі рет, яғни көктемгі және күзгі кезеңдерде жүргізілуі тиіс. Кеміргіштерге байланысты барлық мәселелер бойынша аталған басқармаға немесе тұрғылықты жері бойынша аудандық әкімдікке жүгіну қажет.
Пәтерлерде пайда болған жәндіктер мен кеміргіштерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 107-бабының 1-тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғалар өздері тұратын жерлерде дезинсекциялық және дератизациялық жұмыстарды жүргізуге міндетті екенін хабарлаймыз. Ол үшін зиянкестермен күресу жұмыстарын жүзеге асыратын қаланың мамандандырылған дезинфекциялық ұйымдарына жүгіну қажет.
Көп қабатты үйлер тұрғындарының назарына! Тоқсанына 1 рет жоспарлы түрде өткізілетін кеміргіштерді жою жөніндегі жұмыстарды тұрғын үйлердің кіреберістерінде, жертөлелерінде, шатырларында, қоқыс жәшіктерінде және олардың айналасында, сондай-ақ дезинфекциялау ұйымдарын жалдау жолымен кәріз құдықтарында пәтер иелері кооперативтері (бұдан әрі-ПИК) жүргізуі тиіс. Бұл жұмыстарға жұмсалатын шығындар «Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау ережесі» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 01 желтоқсандағы №1421 қаулысына сәйкес коммуналдық қызметтерді төлеуге енгізілді.
Көп қабатты үйлердің тұрғындары ПИК басқармасынан осы жұмыстың уақытылы және тиімді орындалуын талап етуге толық құқылы. ПИК төрағасы өз міндеттерін орындамаған жағдайда, тұрғындардың жалпы жиналысында қайта сайлауға немесе мәселені сот тәртібімен шешуге толыққанды құқығыңыз бар.