28 шілде - Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні

28 шілде - Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні

             Бүгін бүкіл әлемде В гепатиті вирусы мен оның салдары туралы хабар айтылады және таратылады, себебі бұл күн кездейсоқ таңдалмаған. Бұл күні, яғни 1925 жылдың 28 шілдесінде ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты дәрігер Барух Бламберг дүниеге келді, ол В гепатиті вирусын ашты және вирустың диагностикалық тестін, сондай-ақ оған қарсы вакцинаны жасап шықты.

             Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің деректері бойынша өңірде гепатитпен сырқаттанушылық мониторингіне сәйкес 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда жіті вирустық гепатиттермен сырқаттанушылық 6 есе, оның ішінде А гепатиті вирусымен 4 есе, созылмалы В гепатиті вирусымен (дельта) сырқаттану  8 есе өскені байқалады.

             Анықталған аурулардың ең көп саны Көкшетау қаласында (26 жағдай), Аршалы (11), Атбасар (5), Шортанды (4), Бурабай (3), Ерейментау (3), Сандықтау (3) аудандарында тіркелген. Ауру негізінен ересектер арасында тіркеліп отыр. Ересектер арасында инфекция көздері мен берілу жолдары 65-тен 17 жағдай анықталды, операциялар – 6 жағдай, қан құю – 1, емханалық араласу – 5, жыныстық жол – 2, есірткі – 2, салт-жоралар (әдет-ғұрып)-1. Байланыста болған 60 адамның арасында инфекция жұқтырғаны анықталған жоқ.

             Бауырдың қабынуы (гепатит) бауыр ұлпасына зиян келтіретін әртүрлі факторлардан туындауы мүмкін екенін еске салғымыз келеді. Жұқпалы гепатит-ластанған тамақ, су, тұрмыстық заттар арқылы А және Е гепатиті вирустарының ағзаға енуінің негізінде бауыр жасушаларының зақымдануы болып табылады. В, С, D, F, G гепатитінің вирустары жұқтырған қанмен байланыста болған кезде беріледі.

Созылмалы вирустық гепатит-жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін ауыр ауру. Гепатит вирусын жұқтырудың алдын алу үшін профилактикалық шараларын сақтау керек:

- дәретханадан соң, тамақтанар алдында, жұмыстан, көшеден келгеннен кейін қолыңызды ағынды сумен және сабынмен мұқият жуыңыз;

- көкөністер мен жемістерді мұқият жуыңыз;

- табиғатта немесе саяжайда болған кезде қайнатылмаған су ішпеңіз;

- балаларды ерте жастан бастап жеке гигиена ережелерін сақтауға үйретіңіз.

             А гепатиті вирусынан қорғаудың сенімді тәсілі-вакцинация, ол эпидемиялық көрсеткіштер бойынша ошақтардағы байланыста болған адамдарға және гепатиттің кең таралуы бар елдерге баратын азаматтарға жүргізіледі.

             В гепатитіне қарсы вакцинациялау ҚР профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесіне енгізілген және балаларға өмірінің бірінші жылында, атап айтқанда өмірге келген күннен кейінгі 1-4 күнінде, одан әрі 2 ай және 4 айда вакцинациялаумен жүргізіледі. С гепатиті вирусын алдын алуға арналған вакцина жоқ.

             Гепатит вирусын жұқтыруға күдік болған кезде дәрігерге дереу қаралу қажет. Өзін-өзі емдеуге болмайды, созылмалы гепатитті емдеуді тек дәрігер жүргізуі керек. Ауруды емдеу қиын, ұзақ және қымбат болатын кезеңге дейін жеткізбей, уақтылы емделу керек.

             Диагностика мен емдеудің заманауи деңгейі вирустық гепатиттерді анықтауға және онымен күресуге мүмкіндік береді. Парентеральді гепатиттерді уақтылы анықтау және оларды тиімді емдеу – бұл сауығудың және асқынулардың дамуын болдырмаудың  кепілі.