
Алматы облысының санитариялық қызметі денсаулық сақтау объектілерінде қалдықтарды жинауға, залалсыздандыруға және сақтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуына байланысты жалпы сомасы 14 млн. теңгеге 74 айыппұл салды. Оның ішінде медициналық қалдықтарды жинау, сақтау және есепке алу мерзімдері бойынша заң бұзған жеке тұлғаларға 69 айыппұл, лауазымды тұлғаларға 3 айыппұл және медициналық қалдықтарды уақытша сақтау үй-жайларын жарақтандыру және жабдықтау жөніндегі нормаларды сақтамағаны үшін заңды тұлғаларға 2 айыппұл салынды.
Медициналық қалдықтарды жинауға, залалсыздандыруға және сақтауға қойылатын санитариялық талаптардың сақталуы облыстық СЭБД тұрақты назарында. Бүгінгі таңда Департаментінің бақылауында 1793 медициналық ұйым бар. Медициналық ұйымдардың әрбір құрылымдық бөлімшесінде медициналық қалдықтармен жұмыс істеу схемасы әзірленіп, медициналық қалдықтарды жинау және уақытша сақтау үшін жауапты тұлғалар бекітілген.
Медициналық қалдықтарды жинау арнайы бір рет қолданылатын полиэтилен пакеттерде және қақпақтары тығыз жабылатын ыдыстарда жүзеге асырылады. Олар медициналық қалдықтардың класына байланысты белгіленеді. Бекітілген кестеге сәйкес мамандандырылған ұйымдармен жасалған келісім шарттар негізінде шығарылып, жойылады. Бұл мекемелерде қалдықтарды дұрыс жоюға арналған пештер мен жабдықтар бар.
Департаменттің аумақтық басқармаларының бақылауында медициналық қалдықтарды жоюмен айналысатын 14 ұйым бар. Оның 1-еуі өңдеу қуаттылығы сағатына 120 килограмм және одан астам болғандықтан, эпидемиялық маңыздылығы жоғары, қалған 13-і эпидемиялық маңыздылығы болмашы объектілер болып табылады.
Жыл басынан бері медициналық қалдықтардың «А» сыныбының қалдықтары – 5721, 906 тонна, «Б» сыныбындағы эпидемиологиялық қауіпті қалдықтар – 18620,075 тонна, «В» сыныбының эпидемиологиялық аса қауіпті қалдықтар – 3360,991 тонна, «Г» сыныбындағы токсикологиялық медициналық қалдықтардан – 3616 дана шығарылды, олар бактерицидтік, люминесцентті, құрамында сынап бар, жарық диодты шамдар, термометрлер, гигрометрлер және рентген пленкаларын айқындаушылар.