
Туберкулез денсаулыққа зор қауіп төндіретін кең таралған жұқпалы аурулардың бірі болып қала береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық есебі бойынша жыл сайын 9 миллионнан астам адам туберкулезбен ауырады және осы аурудан шамамен 2 миллионға жуық адам қайтыс болады.
Туберкулезбен ауыратын науқастар саны бойынша Қазақстан әлемнің 212 елінің арасында 33-ші орынды және Еуропалық өңірде 4-ші орынды иеленеді. Осы көрсеткіштер бойынша Қазақстан туберкулез ауыртпалығы жоғары елдердің қатарына кіреді.
Туберкулез ауруының эпидемиологиялық көрсеткіштері Жамбыл облысында жыл өткен сайын төмендеуде. 2022 жылдың 6 айында 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда алғаш анықталған туберкулез ауруының көрсеткіші-5,44%-ке, туберкулезден қайтыс болу көрсеткіші - 16,7%-ке төмендеді.
2022 жылдың 6 айында облыс бойынша алғаш рет анықталған туберкулездің 223 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 4 жағдай.
Туберкулез - туберкулез бактериялары ағзаға енген кезде дамитын жұқпалы ауру. Бұл ретте өкпе заурудан зақымдалатын негізгі орган. Сирек жағдайларда ми мен оның қабықтарының, сүйектердің, буындардың, бүйректің, жыныс мүшелерінің, көздің, ішектің және басқа органдардың туберкулезі болуы мүмкін. Инфекция негізінен ауа тамшыларымен, науқас адамнан сау адамға тыныс алу жүйелері арқылы жұғады, ауа арқылы жұғатындықтан науқаспен тікелей байланыста болу міндетті емес, сондықтан ауруды кез-келген жерде жұқтыруыңыз мүмкін.
Туберкулезбен барлық жастағылар ауырады, бірақ әсіресе денсаулығы нашар балалар мен ересектер үшін қауіпті. Туберкулезбен көбіне 20 жас пен 40 жас аралығындағы (50%), еңбекке қабілетті, бала туу жасындағылар көп ауырады.
Бүгінгі таңда әрбір адам туберкулездің негізгі белгілерін білуі керек. Аурудың бастапқы кезінде жалпы әлсіздік, тез шаршау, тәбеттің жоғалуы мүмкін. Ауру күшейген кезде ұзақ уақыт дене қызуының көтерілуі, жөтел, кеуде қуысының ауыруы, тершеңдік, салмақ жоғалту, жұмысқа деген қабілеттің төмендеуі пайда болады. Жөтел – туберкулездің ең негізгі белгісі. Егер жөтел екі аптадан астам уақытқа созылса, міндетті түрде тексерілу керек. Туберкулезге тексерілу емделу - тегін.
Туберкулезді дер кезінде анықтау мақсатында:
1) туберкулездің зертханалық диагностикасы қолданылады, яғни молекулярлық-генетикалық әдіспен зерттеу және аурудың клиникалық белгілері бар адамдар арасында қақырық жағындысының микроскопиясын жүргізу. Диагностиканың молекулярлық-генетикалық әдісі және қақырықты микроскопиялық зерттеу екі аптадан аса жалғасатын жөтел (жөтел туберкулездің өкпе түрімен ауыратын науқастағы басты симптом болып табылады) және туберкулездің бір немесе бірнеше басқа симптомдары болған кезде жүргізіледі. Қақырықтың 2 үлгісін жинау керек, олардың бірі – таңертең жиналады. Бірінші үлгіден молекулярлық-генетикалық әдіспен зерттеу жүргізіледі, оң нәтиже болған жағдайда екінші үлгіден жағынды микроскопиясы жүргізіледі;
2) туберкулезбен ауырудың жоғары қаупі бар халық топтарын флюорографиямен тексеру;
3) қауіп тобындағы балаларды туберкулин диагностикасымен тексеру (туберкулинді Манту сынамасы, туберкулезді рекомбинантты аллергені бар сынама).
Бірінші және негізгі қағида: көліктегі немесе басқа да қоғамдық жерлерде созылмалы түрде жөтелетін адамдарға назар аударыңыз. Қарапайым гигиеналық нормаларды сақтаңыз.
Егер жақын адам туберкулезбен ауырса, үй-жайда дезинфекция жүргізу қажет, байланыста болған адамдар флюорографиялық тексеруден өтуі, балалар Манту сынамасымен тексерілуі қажет. Туберкулездің алдын алуда дұрыс тамақтану, жұмыс және демалыс режимін сақтау, спортпен шұғылдану, жаман әдеттерден аулақ болу өте маңызды.
Туберкулез – жалпы қоғамдық мәселе, әр адам туберкулездің алдын алу шараларын білгенде және оны күнделікті қолданғанда ғана аурудың өсуі мен таралуын тоқтатуға болады.