Монша кешендеріне барған кезде не нәрсеге назар аудару керек

Монша кешендеріне барған кезде не нәрсеге назар аудару керек

             Моншалар мен сауналар – халық өте жиі баратын орындардың бірі. Әсіресе жаз маусымында көп барады. Адамдар мұнда бу қабылдауға, бассейнде жүзуге, SPA рәсімдерін алуға, демалуға барады.

              Шымкент қаласында 99 монша мен сауна жұмыс жасайды. Моншалар ерекше тәртіп бойынша тексеруге жатпайды, өйткені олар шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жатады. «Қазақстан Республикасында бару арқылы тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 1 қаңтар аралығында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микро кәсіпкерлік субъектілеріне тексерулер мен профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізу уақытша тоқтатылған.

Моншалар мен хауыздарға қойылатын бірқатар талаптар бар:

- Монша және хауыз үй-жайларының құрамына: киім ілетін орны бар вестибюль, киім ауыстыратын бөлмелер, санитарлық тораптар, жуынып-шайыну, себезгі бөлмелері, бу қабылдау бөлмесі, жұмыскерлерге арналған тұрмыстық үй-жайлар, жуу және дезинфекциялау құралдарын, жинау мүкәммалын сақтауға арналған қоймалар кіреді;

- Моншаларда қосымша орындар болған жағдайда, шаштараз, массаж, косметикалық кабинеттерді, қоғамдық тамақтану объектілерін, жеке гигиена заттары мен басқа да тауарларды сатуға арналған дүңгіршектерді, жеке заттарды сақтау қоймаларын орналастыруға жол беріледі;

- Бу қабылдау үй-жайларында ауа температурасын бақылауды жүзеге асыру мақсатында термометр көзделеді;

- Терезе ойықтарында ашылатын фрамугалар немесе желкөздер көзделеді;

- Жуыну үшін жоғары температура әсеріне төзімді және оңай жуылатын және өңделетін легендер қолданылады, ағаш легендер қолдануға жол берілмейді;

- Моншалар мен хауыздарда жеке қолданыстағы және пакеттерде берілетін таза және құрғақ заттар (ақжаймалар, сүлгілер) пайдаланылады. Таза заттар пайдаланылғандардан бөлек сақталады;

- Моншалар мен хауыздардың үй-жайларында тазалық сақталады. Кәріз траптарының бітеліп қалуына және еденде лас судың жиналуына жол берілмеуі тиіс;

- Әр келушіден кейін резеңке аяқ-киім фунгицидтік әсері бар дезинфекциялау құралдарымен өңделеді, дезинфекциялаудан кейін аяқ киім кептіріліп, пакеттерге салынып беріледі;

- Күн сайын жұмыс аяқталғаннан кейін үй-жайларды желдету, үй-жайларды, мүкәммалды және жабдықтарды жинау, дезинфекциялау жүргізіледі;

- Бу қабылдау бөлмесін қоспағанда, моншалар мен хауыздардың үй-жайлары қоқыс салатын урналармен қамтамасыз етілуі тиіс.

Моншадағы косметикалық кабинеттерде келесі косметикалық қызметтерді көрсетуге рұқсат етіледі:

- бет пен мойынның гигиеналық массажы;

- тері ауруларымен асқынбаған бетті гигиеналық тазарту;

- қастар мен кірпіктерді бояу;

- жасанды кірпіктерді өсіру;

- қастың эпиляциясы;

- макияж;

- маникюр;

- педикюр;

- пилинг. 

             Келушілерге қызмет көрсету үшін бір реттік қолдану заттары пайдаланылады. Таза заттар қоры (сүлгілер, майлықтар, жаймалар және басқалар) қамтамасыз етіледі.

Құрметті азаматтар!

              Шымкент қаласының санитриялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті моншаға барған кезде жағымды көңіл-күйде болу және денсаулығыңызға зиян келтірмеу үшін монша кешендерінің жоғарыда аталған қағидаларды сақтауына назар аударуды ұсынады.