ШҚО-да кене энцефалитімен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай

ШҚО-да кене энцефалитімен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай

             2022 жылғы 19 шілдедегі жағдай бойынша облыстың эндемиялық аумақтарында кене шағу себебі бойынша барлығы 3102 адам медициналық көмекке жүгінген. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда кене шағудың 12 жағдайға төмендегені байқалады.

             Алдын алу мақсатында кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді кене шағудан зардап шеккендердің 93%-і алды. Қалған 7%-і келесі себептерге байланысты алған жоқ, олар: медициналық көрсетілімдерге байланысты, кене энцефалитіне қарсы вакцинация алғандар, эндемиялық емес аймақтардан жүгінгендер, өз еркімен бас тартқандар, кеш мерзімде медициналық көмекке жүгінгендер және т.б.

              2022 жылдың ағымдағы кезеңінде облыс аумағында кене инфекциясын жұқтырудың 11 жағдайы тіркелген.

Энцефалитпен төрт адам ауырған:

- 3 ересек адам (Өскемен);

- 1 бала (Катонқарағай ауданы).

Өңірдің жеті тұрғынында иксодты кене боррелиозы (Лайм ауруы) анықталды:

- 3 ересек (Алтай, Глубокое аудандары);

- 4 бала (Алтай, Глубокое аудандары және Өскемен қаласы).

             Кене инфекцияларымен ауырғандардың ешқайсысы кене шағу бойынша медициналық көмекке жүгінбеген. Дәрігерлерге уақтылы жүгінген адамдардың арасында кене инфекциясын жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ.

             Кене энцефалитін емдеу тек стационарлық жағдайда жүргізіледі. Кене энцефалитін жұқтырған өңірдің төрт тұрғыны жұқпалы аурулар ауруханалары мен бөлімшелеріне жатқызылды. Үш науқас арнайы ем қабылдап, сауықты, бір науқас емделуді жалғастыруда.

             Қазіргі уақытта эндемиялық аумақтардың медициналық ұйымдарында кене шағудан зардап шеккен адамдарға алдын алу көмегін көрсету үшін кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин препаратының қоры жеткілікті мөлшерде бар.

                                                   Құрметті азаматтар!

             ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті табиғатта сақтық шараларын сақтауды ескертеді. Киіміңіз бен денеңізді жиі қарап-тексеріп жүріңіз.

             Егер сіз жабысқан кенені тапсаңыз, медицина қызметкеріне хабарласыңыз, егер мұндай мүмкіндік болмаса, кенені өзіңіз алыңыз. Тұмсығын кесіп алмау үшін кенені өте мұқият алып тастау керек. Жабысқан кенеге кез-келген майдың немесе керосиннің тамшысын тамызып, пинцетпен немесе күшті жіппен ұстап, шайқау арқылы біртіндеп алып тастау керек. Егер теріде тұмсығы қалса, оны тікен сияқты алып тастаңыз және тістеген жерді йод тұнбасымен майлаңыз және қолыңызды мұқият жуыңыз.

              Кенелерден қорғану үшін дененің және киімнің ашық жерлерін өңдейтін репелленттерді қолдануға болады.

             Кене шағып алған кезде дереу медициналық көмекке жүгініңіз. Егер сіз уақтылы емделмесеңіз, асқынуларға тап болуыңыз мүмкін.