
Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары өнім қауіпсіздігі мониторингі шеңберінде 2022 жылдың 6 айында сауда нысандарынан барлығы 1441 өнім сынамасын сатып алып зерттеді (892 тамақ өнімі және 549 тамақ емес өнімдер). Соның ішінде отандық өнім өндірушілердің өнімдері – 235 (16,3%), Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше мемлекеттердің өнімдері – 934 (64,8%), басқа мемлекеттердің өнімдері - 272 (18,8%).
Сараптама нәтижелері бойынша 35 өнім сынамасы Кеден Одағы техникалық регламенттері талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Сәйкес келмейтін өнімнің негізгі үлесі, яғни 91,4% (32 сынама) импорттық өнімге тиесілі, қалған 8,5% – отандық өндірушілер үлесінде (3 сынама).
Негізгі бұзушылық таңбалау көрсеткіші бойынша анықталған. Бұл барлық сәйкессіздік анықталған өнімдердің 82,8% (29 сынама) құрады.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама барысында құс еті өнімдерінің 1 сынамасында, аспаздық өнімдердің 2 сынамасында микробиологиялық көрсеткіш бойынша бұзушылық анықталды.
Сонымен қатар, импорттық энергетикалық сусындарының 3 сынамасында адам денсаулығына қауіпті консервант – натрий бензоатының мөлшерден тыс қосылғандығы анықталды.
Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аудандық басқармаларымен мониторинг нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жүргізілді.
Өнімі талапқа сай келмеген кәсіпкерлік субъектілеріне заңнама талаптарын бұзушылықтарды жою тәртібін түсіндіре отырып, бұзушылықтарды жою туралы16 нұсқама беріліп, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425 бабының 1 тармағына сәйкес айыппұлдар салынды.
Сәйкессіздіктер анықталған 66,7 кг тамақ өнімдері (энергетикалық сусындар, консервіленген жеміс-жидек өнімдері және май өнімдері) сатылымнан шығарылды.