Алматы қаласында серозды менингитпен ауыру айтарлықтай өскен

Алматы қаласында серозды менингитпен ауыру айтарлықтай өскен

             Алматы қаласында энтеровирустық этиологиядағы серозды менингитпен сырқаттанушылық бойынша тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай байқалады. Санитариялық дәрігерлер мұны өткен жылы қатаң карантиндік шектеулер болғанын және қала тұрғындары негізінен үйде болғанымен байланыстырады.

            Ағымдағы жылдың басынан бері оңтүстік мегаполисте серозды менингиттің 90 жағдайы тіркелді (2021 жылы – 2 жағдай): оқушылар арасында - 41,1%, ұйымдастырылмаған балалар арасында – 18,8%, МБҰ баратын балалар арасында – 37,7%, педагогтар - 1,1% және өзге контингенттер арасында – 1,2%.  Науқастар ауруды ашық су айдындарында шомылумен, ашық су айдындарынан су ішіп, көкөністер мен жемістерді жуумен, жеке гигиенаны сақтамаумен, сондай-ақ науқастармен және тасымалдаушылармен жанасуда болғанымен байланыстырады.

            Энтеровирустық инфекциялар-интоксикация синдромымен және әртүрлі клиникалық көріністермен сипатталатын энтеровирустар (ішек вирустары) тектес вирустардан туындаған аурулар тобы, олардың арасында серозды менингит жиі тіркеледі.

Энтеровирустардың таралу жолдары әртүрлі. Энтеровирустық инфекциялар көбінесе:

- нәжіс-ауыз қуысы арқылы - ластанған тағам өнімдері, көкөністер мен жемістер, су арқылы, әсіресе ашық су қоймаларында, хауыздарда шомылғанда;

- тұрмыстық жолмен - вирусты тасымалдаушымен тікелей қарым-қатынаста болу, немесе үйде қолданылатын ластанған заттар арқылы;

- ауа-тамшылары арқылы - жөтелгенде, түшкіргенде сілекей тамшылары, қақырық арқылы беріледі.

            Энтеровирустық инфекцияларды жұқтыру көбінесе 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар арасында кездеседі, жасы ұлғайған сайын бұл сырқатқа шалдығу ықтималдығы азаяды, өйткені инфекция қоздырғыштарын ағза қабылдамайды. Бір жасқа дейінгі сәбилер арасында инфекция ауыр түрде өтеді.

Инфекцияның белгілері:

            Сырқат суық тиюдің жеңіл белгілерімен басталады. Әлсіздік, дімкәстік, дене қызуының 39-40 0С-қа көтерілуі, бас ауруының үдеуі, жүрек айнуы,  құсу, іштің ауруы, аяқ-қолдың тартылуы да мүмкін.

            Аурудың алғашқы белгісі білінгенде, дереу дәрігерге көріну қажет, өйткені энтеровирустық инфекция, соның ішінде серозды менингиттің ағзаға  тигізетін теріс әсері зор (көз көрмей, құлақ естімей қалады және психиканың дамуында тежеу болады).

           Энтеровирустық инфекциялардың, оның ішінде серозды менингиттің алдын алу шаралары кез келген жіті ішек инфекцияларының алдын алу шараларына ұқсас болып келеді. Ауырмау үшін мынадай қағидаларды ұстану қажет:

- ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану керек;

- әрбір тамақ ішер кезде және дәретханадан кейін қолды сабынмен жуып, жеке және қоғамдық гигиенаның қағидаларын қатаң сақтау қажет;

- түшкіргенде және жөтелгенде бір рет қолданатын майлықтарды пайдалану қажет;

- жемістер мен көкөністерді қолданар алдында алдымен щеткамен, сосын  қайнап тұрған сумен мұқият жуу керек;

 - тек арнайы рұқсат етілген орындарда шомылу қажет және оның суын жұтпауға тырысу керек;

- инфекцияны жұқтыру деңгейі көтерілген кезеңде хауыздарға, аквопарктерге және ашық су қоймаларына барудан бас тарту керек;

- жеке адамдардан және сауда орындарына жатпайтын жерлерден тамақ өнімдерін сатып алмау керек;

- бөлмелерді жиі желдетіп, сумен тазалау жұмыстарын жүргізу қажет;

- ауырған балаларды балабақшаға және мектепке жебермеу керек.

            Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жөн!м