
Ағымдағы жылдың 6 айында Қазақстан Республикасында серозды менингиттің 303 жағдайы тіркелді, бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 1,56 құрады. Деректердің ең көп саны Нұр-Сұлтан (99 жағдай), Алматы (64 жағдай) және Шымкент (57 жағдай) қалаларында тіркелді.
Ағымдағы жылғы сырқаттанушылық деңгейі пандемияға дейін (2017-2019 жж.) тіркелген аурушаңдық көрсеткіштерінен аспайды.
2020 және 2021 жылдары аурудың айтарлықтай төмендеуі байқалды, бұл шектеу шараларының енгізілуіне байланысты.
| Жылы | Тіркелген жағдайлар саны | 100 мыңға шаққандағы көрсеткіш |
| 2017 жыл | 717 | 4,03 |
| 2018 жыл | 825 | 4,57 |
| 2019 жыл | 1429 | 7,82 |
| 2020 жыл | 62 | 0,33 |
| 2021 жыл | 91 | 0,47 |
| 2022 жылғы 6 ай | 303 | 1,56 |
Вирустық типтегі серозды менингит энтеровирустармен, сондай-ақ вирустың кейбір басқа түрлерімен байланыста туындайды. Серозды (вирустық) менингит ағымы қатерсіз болып келеді. Сондықтан аумақтық Департаменттермен кезектен тыс хабарламалар ұсыну көзделмеген. Кезектен тыс хабарламалар менингококты менингит бойынша ғана ұсынылады.
Серозды менингиттің асқынуы өте сирек кездеседі және өлім-жітім қаупі айтарлықтай жоғары емес.
Инфекция көзі-науқас адам және "дені сау" вирус тасымалдаушысы болып табылады. Жуылмаған көкөністер мен жемістерді, шикі суды пайдаланғанда фекальді-ауызша жолмен немесе вирус тасымалдаушымен тікелей байланысқанда немесе тұрмыстық заттар арқылы жұғуы мүмкін. Вирустың кеңінен таралуына және көбінесе инфекцияның асимптоматикалық ағымына байланысты (вирустық тасымалдау) вирустың берілуі адамдар көп жиналған орындарда ауа тамшылары арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін.
Жыл сайын облыста жазғы-күзгі кезеңде энтеровирустық этиологиядағы серозды менингитпен сырқаттанушылықтың тіркелуі байқалады.
Энтеровирустық инфекциялар-интоксикация синдромымен және әртүрлі клиникалық көріністермен сипатталатын энтеровирус (ішек вирустары) тектес вирустардан туындаған аурулар тобы, олардың арасында серозды менингит жиі тіркеледі.
Менингиттің негізгі белгілері: аурудың жедел басталуы, дене қызуының көтерілуі, бас және бұлшықет ауыруы (кейде, әсіресе жас балаларда іштің ауыруы), қайталама құсу. Көрсетілген симптомдар пайда болған кезде дереу дәрігерге қаралу қажет.
Инкубациялық кезең орта есеппен 2-35 күнді құрайды. Аурудың барысы аса қауіпті жағдайда жүрмейді, әдетте екі аптадан кейін аурудан толық сауығып шығады.
Өзіңіз бен балаларыңызды энтеровирусты инфекциядан қорғау үшін қарапайым жеке бас гигиенасын сақтау қажет: ас қабылдау алдында, сәбиді тамақтандыру алдында және әжетханадан кейін қолды мұқият жуу қажет. Бұдан бөлек, жеміс-жидектер мен көкөністерді жуып, қайнаған сумен шаю керек. Тек қайнаған немесе құтыдағы суды пайдаланған дұрыс. Рұқсат етілген орындарда ғана шомылып, суға түсу кезінде суды жұтып қоймауға кеңес береміз, себебі вирус сыртқы ортада тұрақты тіршілік ете алады, ұзақ уақыт бойы суда сақталады.