Маңғыстау облысында 342 кг сапасыз тағам өнімдері сатылымнан алынып тасталды

Маңғыстау облысында 342 кг сапасыз тағам  өнімдері сатылымнан алынып тасталды

            Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті  өнімдер қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу шеңберінде 2022 жылдың 6 айында жоспарланған сауда объектілерінен 1727 өнім сынамасын іріктеп алып зертханалық сараптамадан өткізді.

           Оның ішінде отандық  өнімдер - 21,4%, Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдерде өнідірілген өнімдер- 55% және өзге елдердің тауарлары – 23,6% құрайды.                               

           Іріктеп алынған өнімдердің басым бөлігі, яғни 78%-ы азық-түлік өнімдерінің үлесінде болса, 22% - ын  азық-түлік емес өнімдер (өндірістік тауарлар) құрайды.

           Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша іріктеп алынған өнімнің 6,9% немесе 120 өнім сынамасы (121 сәйкессіздік) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталды. Сәйкессіздік анықталған өнімдердің 71,7%  шетелдік өнімдерге тиесілі, қалған 28,3%  отандық өндірушілердің үлесінде.

            Сараптамадан өткен өнімдердің 74,2%-ы (89 сынама) таңбалау талаптарын бұза отырып сатылған. Онда өндірушінің мекенжайы, өнімнің сақтау шарттары, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі туралы ақпараттар және мемлекеттік тілдегі таңбаланулар көрсетілмеген.

            2022 жылдың бірінші жарты жылдығында зертханалық сараптама барысында құс еті өнімдерінің 3 сынамасында микробиологиялық көрсеткіштері бойынша сәйкессіздіктер анықталды, атап айтқанда мұздатылған  бройлер тауық балапанының бір сынамасынан ішек таяқшалары тобының бактериялары (Қазақстанда өндірілген) және  шетелдік құс етінің 2 сынамасынан сальмонелла «С» тобы қоздырғышы табылды. Бұндай сапасыз азық-түлікті тағамға пайдалану түрлі ішек инфекциялары мен тағамнан улануларға алып келуі мүмкін. Сондықтан шикізаттар мен жартылай шикізат өнім түрлерін пайдаланар алдында олардың міндетті түрде мұқият термиялық өңдеуден өткізілуі және жеке бас гигиенасының сақталуы  қажет.

            Сонымен қоса, физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша 20 өнімнен, тұтынушыны алдау фактісі бойынша 1 өнімнен бұзушылықтар тіркеліп,  8 өнімнің жарамдылық мерзімінің өтіп кеткендігі анықталды.

            Қазақстан Республикасы "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 111-бабына (темір тапшылығының алдын алу) сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін және тасымалданатын (айналымдағы) жоғары және бірінші сортты бидай ұндарының құрамы темір бар дәрумендермен, минералдармен және басқа да заттармен міндетті түрде байытылуы (фортификациялануы) тиісті. Алайда, мониторинг шеңберінде іріктеп сатып алынып, сараптамадан өткізілген 11 ұн сынамасының (10  өнім отандық өндірушілердің және біреуі  шетел өнімі) құрамында темірдің, мырыштың, фолий қышқылының және т.б. мөлшерлері талапқа сәйкес еместігі анықталды.

            Мониторинг тек азық-түлік өнімдері ғана емес халық тұтынатын  өндірістік тауарларды қамтиды.

            2022 жылдың 6 айы ішінде азық-түлік емес, халық тұтынатын өндірістік тауарлардың 380 түрі іріктеп алынды және оның 10,2% немесе 39 түрлі тауар Кедендік одақтың ТР талаптарына таңбалану көрсеткіштері бойынша сәйкес болмады.

            2022 жылғы бірінші жартыжылдықта 72 түрлі ойыншық сынамасы сатып алынып зерттелді, олардың 21% (15 ойыншық) таңбалануы бойынша талапқа сәйкес еместігі анықталды, барлығы шетелден әкелінген ойыншықтар.

           Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан жүргізілген мониторинг қорытындысы негізінде анықталған бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар тұрақты жүргізілуде. Техникалық регламенттер талаптарына сай келмеген отандық өнімдер бойынша өндірушілерге тиісті шаралар қабылдау қажеттілігі туралы хабарламалар жіберілді, дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізілді. Сондай-ақ, Департаменттің басқармалары кәсіпкерлік субъектілеріне ҚР заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы 26 ұйғарым беріп, бұзушылықтарға жол бермеу жолдарын түсіндірді.

           Тексеру нәтижелері бойынша 2 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы соммасы 275670 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеген жалпы құны 353915 теңгені құрайтын 342,39 кг. сапасыз тағам  өнімдері сатылымнан алынып тасталды.

           Тұтынушыларды ақпараттандыру мақсатында ай сайын ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында өнім қауіпсіздігін мониторингтеу барысында анықталған сәйкес келмейтін өнімдердің тізімі жарияланады.

           Департамент  тұтынушыларға барлық сауда нысандарынан сатып алынатын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарын талап етуге құқылы екендігін мәлімдейді. 

           Сонымен қоса, облыс тұтынушылары өнімнің сапасына қатысты туындаған мәселер бойынша аумақтың барлық қала, аудандарында орналасқан санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына  хабарласа алады және қажет болған жағдайда тауарларды зертханалық сараптамадан өткізу үшін «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалының бөлімшелеріне өткізуіне болады.