
Павлодар облысында жыл басынан бері эхинококкоздың 3 жағдайы анықталды. Эпидемиологиялық зерттеу барысында ауыл тұрғындарының үй жануарларымен байланыста болғаны және жеке гигиена шараларын сақтамағаны анықталды. Өткен жылы эхинококкоздың 1 жағдайы тіркелген еді, ауырған науқастың жұмысы жайылымда ұзақ уақыт мал бағумен байланысты болған. Сондай-ақ, барлық науқастарда мысық пен ит сияқты үй жануарлары болған.
Анықтама ретінде: эхинококкоз – бұл Echinococcus granulosus немесе Echinococcus multilocularis таспа гельминттерінен туындайтын паразиттік ауру, бауырда, өкпеде, мида, жүректе және сүйектерде көлемді процестер түрінде жүреді.
Эхинококкоз кең тараған ауру, алайда көбіне мал шаруашылығымен айналысатын өңірлерде тіркеледі. Бұл ауруға барлық жастағы адамдар, соның ішінде балалар да шалдығуы мүмкін. Көбінесе иттерден, әсіресе қаңғыбас иттерден жұғады.
Сондай-ақ, паразиттің жұмыртқаларынан жұққан көкөністерде, жемістерде, шикі немесе термиялық өңдеуден өтпеген етті жегенде жұқтыруға болады. Эхинококтың жұмыртқалары қоршаған ортада ұзақ уақыт сақталуы мүмкін, мысалы, топырақта 1 айға дейін, суда - 15 айға дейін, жемістер мен көкөністерде 1,5 ай, ал үйдегі тұрмыстық заттарда 12 айға дейін сақталады.
Алдын алу үшін гигиеналық дағдыларды қолдану, балаларға гигиена негіздерін үйрету өте маңызды. Мысалы, қолды, дәретханадан соң, көшеден келгеннен кейін, әсіресе тамақтанар алдында сабынмен жиі жуу, иттерге және басқа жануарларға аса жақындамау, жабайы аңдардың терісін сыпырғанда және аң аулау кезінде абай болу, тамақтанар алдында көкөністерді, жидектерді мұқият жуу қажет.
Сонымен қатар, жеміс-көкөніс өнімдері мен көк шөптерді суғаруға арналған ыдыстардағы сумен жууға болмайды, ол жерлерде эхинокок жұмыртқалары болуы мүмкін, жеміс-жидек өнімдерін қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен мұқият жуу керек. Тек қайнатылып залалсыздандырылған немесе бөтелкедегі суды ішкен дұрыс.
Павлодар облысы санэпидбақылау департаментінің мамандары эхинококкоздың хирургиялық жолмен немесе дәрі-дәрмекпен емделетін аса қауіпті ауру, оған қоса рецидивтері болуы мүмкін екенін еске салады. Ал міндетті диспансеризация 8 ден 10 жылға дейін созылады! Бұл ретте, жеке гигиенаны мұқият сақтау сияқты қарапайым ұсынымдар сіздің денсаулығыңызға қатысты елеулі проблемалардан сақтай алады.