Алматы облысы: жарты жылда жіті ішек инфекциясының 300-ден астам жағдайы тіркелді

Алматы облысы: жарты жылда жіті ішек инфекциясының 300-ден астам жағдайы тіркелді

             Алматы облысында жіті ішек инфекцияларымен ауру жағдайы көбейіп келеді, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, аурудың тіркелуі 1,8 есе артқан. Ағымдағы жылдың 6 айында жіті ішек инфекциясының 360 жағдайы тіркеліп отыр, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 256 жағдай, бұл жалпы ауырғандардың 71,1% - ын құрайды.

             Инфекция таралуының негізгі факторлары - үйде дайындалған тағамдар, жуылмаған жемістер мен көкөністер, сүт және тез бұзылатын өнімдер. Пайыздық көрсеткішпен айтқанда, үйде дайындалған өнімдердің үлесіне - 96,1%, жуылмаған көкөністер мен жемістерге - 1,3%, сүт өнімдеріне - 0,3%, түрлі консервілерге - 2,3% келіп отыр.

             Сонымен қатар, көптеген адамдар ішек инфекцияларының қоздырғыштары төзімді және топырақта, суда, сондай-ақ ыдыс-аяқ, есік тұтқалары, ойыншықтар сияқты әртүрлі қолданыстағы заттарда ұзақ сақталатынын ұмытып кетеді. Одан бөлек, микробтар белгілі бір температуралық жағдайында суда, сүт және сүт өнімдерінде, тартылған ет, кондитерлік өнімдер, салаттар және басқа да тез бұзылатын азық-түліктерде жақсы көбейеді.

            Бұл инфекцияның таралуына жол бермеу үшін келесі қарапайым ережелерді сақтану қажет:

- Тамақтанар алдында және дәретханадан кейін қолыңызды міндетті түрде сабынмен жуыңыз!

- Тек қайнатылған және бөтелкедегі суды ішіңіз!

- Көкөністер мен жемістерді қолданар алдында жақсылап жуыңыз!

- Ашық су қоймаларындағы, арықтағы суды ішуге, тамақ дайындауға және ыдыс жууға пайдаланбаңыз!

- Арнайы бөлінген орындарда шомылыңыз!

- Дайындалған тағамды ашық қалдырмаңыз!

- Тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышта сақтаңыз!

- Үй қоқыстарын уақтылы тастаңыз!

- Азық-түлікті сақтау мерзімі мен шараларын сақтаңыз!

- Тағам дайындау технологиясын қолданыңыз!

- Жабайы сауда нүктелерінен және көшеде тамақ сатып алмаңыз!

           Егер сізде іш ауруы, жүрек айнуы, диарея, жалпы әлсіздік, тәбеттің төмендеуі сияқты жіті ішек инфекцияларының негізгі белгілері пайда болса, дереу дәрігерге қаралыңыз. Өзін-өзі емдеумен айналыспаңыз, себебі бұл одан да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

           Мысалға, жүрек айнығанда  және диарея кезінде адам ағзасындағы  сұйықтық жоғалады, ағзадағы су алмасуы бұзылып, одан әрі жүрек - қан тамырлары, бүйрек және басқа органдардың ауруына әкеледі.

Құрметті азаматтар! Гигиенаның қарапайым шараларын сақтай отырып, сіз өзіңіздің және балаларыңыздың денсаулығын қорғай аласыз.