
Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары сауда объектілеріндегі өнімдерге зертханалық зерттеу жүргізу үшін ағымдағы жылдың І жартыжылдығында өнім қауіпсіздігінің мониторингі шеңберінде 1229 өнім сынамасын сатып алып зерттеді (817 тамақ өнімі және 412 тамаққа жатпайтын өнім).
Сараптама нәтижелері бойынша, 146 өнім сынамасы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл барлық сатып алынған өнімнің 11,8%-ын құрады. Сәйкес келмейтін өнімнің негізгі үлесі, яғни 91,7% (134 сынама) импорттық өнімге тиесілі, қалғаны - отандық өндірушілер үлесінде 8,3% (12 сынама).
Негізгі бұзушылық өндірушілердің таңбалау қағидаларын бұзуы (136 бұзушылық) болып табылады. Бұл барлық анықталған бұзушылықтардың 93,1%-ын құрады.
Сондай-ақ, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама барысында сүт өнімдерінің 4 сынамасында микробиологиялық көрсеткіш бойынша бұзушылық анықталды.
Ет өнімдерінің сынамасында жануарлардың түр бойынша ДНҚ идентификациясында сәйкессіздік анықталды. Ет өнімінен өндіруші өнім құрамында көрсетпеген шошқа етінің ДНҚ-сы табылды.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 111-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін (айналымдағы) жоғары және бірінші сортты бидай ұны құрамында темір бар дәрумендермен, минералдармен және басқа да заттармен міндетті түрде байытылуға (фортификациялануға) жатады. Дегенмен, өнімнің қауіпсіздігін бақылау барысында отандық өндірушінің 4 ұн сынамасы құрамында мырыштың қажетті мөлшерде еместігі анықталды.
Өткізушілерге, жеткізушілерге, импорттаушыларға және өндірушілерге қатысты анықталған бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жүргізілуде. БҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басқармалары кәсіпкерлік субъектілеріне еліміздің осы саладағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, бұзушылықтарды жою туралы 51 нұсқама берді. Сәйкессіздіктер анықталған 36,75 кг. өнім (ет, сүт өнімдері) айналымнан шығарылды.
Тұтынушыларды ақпараттандыру мақсатында ай сайын ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында өнім қауіпсіздігін мониторингтеу барысында анықталған сәйкес келмейтін өнімдердің тізілімі орналастырылады. Тұтынушылар өнімдер туралы ақпаратқа ие бола отырып, денсаулығына қауіп төндіретін барлық қауіптерді болдырмай, дұрыс таңдау жасай алады.