
Шымкент қаласы 2022 жылғы 5 ақпаннан бастап «жасыл» аймақта. Дегенмен, біраз уақыт бойы тіркелмеген коронавирусты инфекцияның саны соңғы тәуліктерде артуда. Ағымдағы жылдың 10 шілдесінде COVID-19 инфекциясымен 23 жағдай тіркелді. Ауырғандардың көбі – ересектер. Балалар арасында 2 жағдай анықталған.
Соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда COVID-19 жағдайы 3,3 есе көп тіркелді.
Науқастанудың тіркелуі жазғы кезеңде шет елге демалысқа барып келуіне, шетел азаматтарының көшіп келуі мен көп шоғырлануға байланысты.
Коронавирусты инфекциямен ауырғандар профилактикалық тексеру кезінде және науқастар өз бетімен медициналық көмекке жүгінгенде анықталуда. Коронавирустың симптомды түрімен ауырғандар емдеу хаттамасына сәйкес ем алады, ал симптомсыз түрімен ауырғандар 10 күн медициналық бақылауда болады.
Еліміздегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, коронавирусты инфекцияның қайта күш алу қаупі бар.
Осы орайда, індеттің алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация екендігін атап өту керек. Дер кезінде алынған вакцина – дерттің таралып кетпеуіне бірден-бір себеп. Алайда, белгілі бір уақыт өткеннен кейін екпенің күші әлсірей бастайды, сондықтан уақтылы қайта екпе алу маңызды.
Сақтық шараларына салғырт қарауға болмайды. Ұжымдық иммуниттетті әлсіретіп алмау үшін бүгінде әлем жұртшылығы вирусқа қарсы екпе алуда.
Шымкент қаласында вакцинациялау, ревакцинациялау және қайта ревакцинациялау Қазақстанда қолдануға рұқсат етілген «QazVac», «Vero Cell», «Комирнати» (Pfizer, АҚШ) вакциналарымен жүргізілуде.
Вакцинациялау егуді жүргізуге алдын ала ақпараттандырылған жазбаша келісіммен, ерікті түрде және тегін жүргізіледі.
Қаладағы егу пунктерінде вакциналардың сақталуы, тасымалдануы, қолданылуы «Суықтық тізбегін» сақтай отырып санитариялық талаптарға сай жүргізілуде. Егуді арнайы оқытылып, рұқсат алған медициналық қызметкерлер жүргізеді.
Шымкент қаласында егу науқаны басталғалы бері барлығы 603110 адам вакцинацияланған. 350982 адам ревакцинациядан өтті.
Екпе алып, індеттен аман қалу мүмкіндігі әр адамда бар. Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын қорғау үшін вакцинация алу қажет!