ШҚО-дағы бұзылған тамақ өнімдерінің фактілері

ШҚО-дағы бұзылған тамақ өнімдерінің фактілері

            Шығыс Қазақстан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыстың сауда желілерінде сатылатын өнімнің қауіпсіздігіне тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Мәселен, 2022 жылдың 6 айында 944 тамақ өнімінің сынамасына іріктеу жүргізілді, оның ішінде 144 сынама (15,2%) техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеді, сәйкессіздіктердің негізгі үлесі импорттық өнімге тиесілі – 89 сынама (61,9%).

            32 сынама халықтың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті деп танылды, оның ішінде 13 сынаманың жарамдылық мерзімі өткен, 4 сынама микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеді. Жарамдылық мерзімі өткен немесе микроорганизмдермен себілген өнімдерді пайдалану тамақтан улануды ғана емес, сонымен бірге тұтынушының өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

            Іріктеуге алынған өнімдердің 82,6%-ы (119 сынама) таңбалау талаптарын бұза отырып сатылған, онда сақтау шарттары, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі туралы ақпарат көрсетілмеген. Бұл фактілер сатылатын өнімнің қауіптілігін көрсетеді.

           Тамақ өнімдерін өткізушілерге, өндірушілерге қатысты анықталған бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде 120 ұйғарым беріліп, 72,3 кг тамақ өнімі сатудан алынды.

            Өнімнің сәйкестігін растайтын «сұр» және жалған құжаттарды (декларациялар) анықтау бойынша жұмыс жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 2 декларацияның қолданысы тоқтатылды және 4 декларацияның қолданысы сәйкестік расталғанға дейін уақытша тоқтатылды.

            Сауда желісінен тамақ өнімдерін сатып алғанда, өнімнің дайындалған күніне және сатудың соңғы мерзіміне, сыртқы түріне, түсіне, иісіне, консистенциясына, қаптаманың тұтастығына, өнімнің қандай жағдайда сақталатынына (тез бұзылатын өнімдер белгілі бір температуралық сақтау режимдерін талап етеді) назар аударыңыз. Сақтау шарттары сақталмаған стихиялық сауда орындарында азық-түлік сатып алуға болмайды.

            Егер сіз сауда желісінде немесе қоғамдық тамақтану желісінде сапасыз өнімді сату фактілеріне тап болсаңыз, Департамент облыстың аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына жазбаша жүгінуге кеңес береді.