
Бүгін ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекованың басшылығымен Формулярлық комиссияның (ФК) 2020 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылау мәселелері жөніндегі ағымдағы жылдағы алғашқы отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібіне инсулин гларгиннің түпнұсқасынан биосимилярға ауыстыру алгоритмін талқылау және Бірыңғай дистрибьютордың 2020 жылға арналған тізіміне ҚР ДСМ-нің 2020 жылғы 9 қаңтардағы ҚР ДСМ – 1/2020 бұйрығына енген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды енгізуді қарау кірді.
Сондай-ақ қатысушылар «Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды, белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін қалыптастыру, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 мамырдағы № 369 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрықтың жобасын қарастырды.
Кездесу барысында Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярдың жобасы қаралды.
Сонымен қатар қатысушылар Формулярлық комиссия мен ҚР ДСМ Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі бірлескен комиссияның «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын, амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы № 666 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» ҚР ДСМ-нің 2020 жылғы 9 қаңтардағы ҚР ДСМ – 1/2020 бұйрығына ескертулерін талқылады.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі 22 адамнан тұратын Формулярлық комиссияның жаңа құрамын бекітті.
Комиссия құрамына Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, ірі республикалық медициналық орталықтар мен университеттердің басшылары мен жетекші сарапшылары, сондай-ақ ҮЕҰ өкілдері кірді.
Формулярлық комиссия ҚР ДСМ-нің консультативтік–кеңесші органы болып табылады, оның негізгі мақсаты халықты дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

