
Тамақ өнімдері қауіпсіздігінің мониторингі
2022 жылдың 5 айында ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары сауда желісінде өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу (өнімді тексеру мақсатында сатып алу) кезінде 18 аспаздық өнімдердің сынамасын алып, микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмейтін және таңбалау бұзылған 8 аспаздық өнімнің сынамасын анықтады.
Тексеру нәтижелері және бұзушылықтарды жою туралы берілген нұсқамалардың қорытындысы бойынша объектілерде санитарлық күндер өткізілді, таңбалау бойынша бұзушылықтар сәйкестікке келтірілді, заттаңбалар ауыстырылды.
Өндірушілер нені жасырады?
Өндірушілер көбінесе жарамдылық мерзімі өткен сатылмаған аспаздық өнімдердің сауда нүктелерінен қайтарылуын болдырмау үшін шығарылған күнін, жарамдылық мерзімін көрсетпейді. Тамақ өнімдерін дайындаушының атауы және орналасқан жері де (өндірістің мекенжайы) көрсетілмейді. Сауда нүктелеріне ілеспе құжаттарды (сапалы куәлік) ұсынбайды. Жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді пайдалану тамақтан улануға әкелуі мүмкін және денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан сауда объектілерінде сатылатын аспаздық өнімдерді сатып алғанда, сыртқы түріне, түсіне, иісіне, консистенциясына, сақтау шарттарына және ілеспе құжаттардың болуына назар аудару қажет. Буып-түйілген аспаздық өнімдерді (хот-догтар, Бургерлер, пицца, снектер және т.б.) сатып алу кезінде дайындалған күнін, жарамдылық мерзімдерін, сақтау шарттарын, қаптаманың бүтіндігін көрсете отырып, таңбалаудың болуына да назар аудару қажет. Сондай-ақ, аспаздық өнімдердің жарамдылық мерзімін сатушының сөзінен емес, сапалы куәлік арқылы біліңіз.