"Медицина қызметкерлері күні" қарсаңында Комитет қызметкерлері марапатталды

"Медицина қызметкерлері күні" қарсаңында Комитет қызметкерлері марапатталды

              Бүгін ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде «Медициналық қызметкерлер күніне» орай салтанатты жиын өтті. Жиында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері,  Денсаулық сақтау вице-министрі Есмағамбетова Айжан Серікбайқызы қызметкерлерге мерекелік құттықтауын жеткізе отырып: «Біздің қызмет үлкен жауапкершілікті, мейірімділік пен ерен еңбекті талап етеді. Сіздердің әрқайсыларыңыз өздеріңізге жүктелген мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келесіздер. Бүгінгі тұрақты эпидемиологиялық ахуал – сол істердің бір көрінісі. Коронавирус пандемиясы басталғаннан бері қоғамда санитариялық-эпидемиологиялық саланың рөлі күшейді, қызмет өзінің маңызды және әлеуметтік тиімді екенін дәлелдеді. Білікті мамандарымыздың арқасында бұл сынаққа төтеп беріп, елімізді әлемдік дағдарыстан алып шығу үшін бар күш-жігерді жұмылдырдық, індеттің зардабын азайттық. Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында ахуалды біршама тұрақтандырдық. Денсаулық сақтау саласының мамандары өз өмірлерін қатерге тігіп, COVID-19-ға қарсы күресте алғы шепте болды. Мемлекеттік шекарада және елімізде санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз етті. Осы ретте пандемия кезінде әріптестерімізді қолдаған отбасы мүшелеріне де ерекше алғыс айтқым келеді. Індет өршіген кезеңде алғашқы соққыны медицина қызметкерлері қабылдады. Өздері өртеніп жатса да, өзгеге өмір сыйлады. Ақтық демі қалғанша қызметте жүріп қаза тапқан әріптестеріміздің  бәрі – өз ісінің үздіктері еді. Олардың есімі мен ерлік істері ел есінде мәңгі сақталады» деді.

            Комитет төрағасы Сәдуақасов Нұрқан Олжабайұлы да қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, алдағы уақытта халық денсаулығын қорғау жолында бұдан да биік белестерді бағындыру үшін аянбай еңбек етуге шақырды.

            Биыл денсаулық сақтау саласындағы көп жылдық және жемісті еңбегі үшін медицина саласының 8 ардагері «Еңбек ардагері» медалімен, еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін саладағы 15 қызметкер «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, тағы да 15 қызметкер «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Құрмет грамотасымен» 17 қызметкер және «Алғыс хатымен» 16 қызметкер марапатталды.

             Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосып, коронавирусты инфекцияға байланысты пандемия кезеңінде халық саулығы үшін аянбай еңбек еткен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы және биологиялық қауіпсіздік саласындағы қызметі үшін сала мамандары және осы салаға үлес қосқан 228 азамат еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.