Ақтөбе облысында 870 адам жануардан жарақат алған

Ақтөбе облысында 870 адам жануардан жарақат алған

             Ақтөбе облысында  2022 жылдың 5 айында адамдар арасында құтыру ауруы тіркелген жоқ, эпидемиологиялық жағдай қолайлы.

              Жыл басынан бері Алға ауданында жануарлар арасында құтыру ауруының 1 жағдайы тіркелді. Ошақта індетке қарсы, ветеринарлық-санитарлық іс-шаралар жүргізілді. Ошақтағы 89 бас ауылшаруашылық малдарына  құтырмаға қарсы екпе жасалып,  қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

              Ағымдағы жылы облыстың емдеу-профилактикалық мекемесіне жануарлардың тістеуінен, тырнауынан және сілекейленуінен зардап шеккен 870 адам медициналық көмекке жүгінген. 2022 жылдың 5 айында халықтың антирабиялық көмекке жүгінуі 2021 жылдың ағымдағы мерзімімен  салыстырғанда 158 жағдайға (18,2%) өсті.       

              870 жарақаттанушының 705-і иттерден, 154-і мысықтардан, 1-і ірі қара малдан, 6-ы  жылқыдан және 4-і басқа жануарлардан зардап шеккен.

               Құтырмамен ауырған адам сауықпайтынын, бірақ антирабиялық егулерді уақытында алған жағдайда аурудың алдың алуға болатынын есте сақтау қажет!

               Кез-келген жануарлардың тістеуінен, тырнауынан, сілекейленуінен зардап шеккен адам тез арада медициналық көмекке жүгінуі тиіс. Тіпті, жануардың дені сырттай сау көрінсе де, тістеп немесе тырнап алған жағдайда дәрігерге қаралу міндетті.

               Алдын ала емдеу жарақат алғаннан кейін шұғыл түрде басталуы шарт. Дәрігер тағайындаған емдеу курсын толық алу қажет, егуді үзуге болмайды. Антирабиялық екпе ауыртпайды және жеңіл түрде өтеді.