
Балаларға сыйлық таңдау барысында ойыншықтың әдемілігіне басымдылық беріледі, бірақ сіздің сыйлығыңыз шынайы қуаныш сыйлап, баланың көңіл-күйін түсірмей, денсаулығына зиян тигізбес үшін, сатып алушыларға ойыншықтың сапасына ерекше назар аударуды ұсынамыз.
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ағымдағы жылдың 5 айына жүргізілген мониторинг аясында балаларға арналған ойыншықтардың 87 сынамасын іріктеп алды. 25 сынамада (28,7%) гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттер талаптарының бұзылғаны анықталды.
Салыстырмалы талдау барлық сәйкес келмейтін өнім (100%) ЕАЭО, Қытай, Тайланд елдерінің импорттық өнімінің үлесіне тиетінін көрсетті. Негізгі бұзушылықтар таңбалау бөлігіндегі сәйкессіздіктер болып табылады.
Осыған байланысты, еліміздегі балалардың денсаулығына қамқорлық таныта отырып, санитариялық дәрігерлер сыйлық таңдау барысында келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
- Сатып алынған ойыншықты мұқият тексеріңіз, оның өткір бұрыштары мен кедір-бұдырлары, иісі тым өткір болмауы керек;
- Ойыншықтың өткір сынықтары болмайтын қатты материалдардан жасалғанына көз жеткізіңіз. Өйткені, балалар ойыншықтарды үнемі құлатып немесе лақтырып ойнайтындықтан, өткір сынықтардан өздеріне зақым келуі мүмкін. Егер сіз бір жасқа дейінгі кішкентай балаға ойыншық таңдасаңыз, мұндай тексеруді жүргізу өте маңызды;
- Емшек жасындағы балаларға арналған ойыншықтардың беті боялмауы және шылдырмақтардың суреті болмауы керек, сосын соққыға берік болуы тиіс. Сұйықтықпен толтырылған ойыншықтардағы сұйықтық ағып кетпеуі керек. Ойыншықтардың салмағы 100 г. аспауы керек және иісі қатты шықпай, жағымды болуы тиіс;
- Ойыншықтың таңбалануына назар аударыңыз, ол анық, жақсы оқылуы керек. Таңбалау ойыншыққа немесе тұтыну ыдысына не ойыншықпен бірге жүретін қосымша параққа салынады.
Ойыншықтарды таңбалауда «3 жасқа дейінгі балаларға ұсынбау», «Тек ересектердің бақылауымен пайдалану», «Абайлаңыз! Баланың шатасып кетуіне жол бермеу үшін, бала қолына және тізесіне көтеріле бастағанда ойыншықты шешіп алыңыз!» (бесікте, балалар төсегінде немесе балалар арбасында (коляскада) қолданылатын ойыншықтарда), «Таяз суда ойнау үшін пайдалану», «Көздер мен құлақтардың алдында атуға болмайды» деген сияқты ескерту жазбалары болуы тиіс.
3 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарда табиғи (үлпілдекті) үлбірді, табиғи былғары теріні, шыныны, фарфорды, түкті резеңкені, картонды және қағазды қолдануға жол берілмейді.
3 жасқа дейінгі балаға ұсақ немесе нық бекітілмеген бөлшектері бар ойыншықтарды сатып алмаңыз! Ұсақ бөлшектер тыныс алу жолдарына түсіп, тұншығуды тудыруы немесе зиян келтіруі мүмкін. Көздер – «түймелерді», мұрындарды және ойыншықтардың басқа да ұсақ бөлшектерін қызығушылық танытқан кішкентай бала оңай бұрап, жұлып алады.
Егер сіз бау, лента немесе жіп байланған ойыншықты сатып алғыңыз келсе, тұншығудың алдын алу үшін олардың ұзындығына назар аударыңыз.
Егер сіз дыбыстық эффектілері бар ойыншықты таңдасаңыз, алдымен дыбыстың қатты емес екеніне көз жеткізіңіз. Ойыншықтағы дыбыс реттелген болуы керек.
Әр ойыншықтың құрамын жапсырмадан оқыңыз, бұл әсіресе ішіндегі әртүрлі сұйықтықтары бар ойыншықтарға (мысалы, тістерге арналған ойыншықтар), сурет салуға арналған түрлі-түсті борларға қатысты.
Ойыншық балалар ойыншықтарын жасау үшін пайдалануға рұқсат етілген уытты емес материалдардан жасалуға тиіс.
Жаңа ойыншықты жылы сумен және сабынмен жуыңыз. Сапалы ойыншықтар жуғаннан бүлініп кетпейді, ал сапасыз болса, барлық артық заттар жуылып кетеді.
Тәтті сыйлықтардың, сондай-ақ балалар киімдері мен ойыншықтарының сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты қандай да бір бұзушылықтар анықталған жағдайда, дереу Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің электрондық поштасына akmoladzpp@dsm.gov.kz хат жолдаңыздар.