
Шымкент қаласы халқының арасында 2022 жылдың 5 айында жіті ішек инфекциясының (ЖІИ) 277 жағдайы анықталды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 228 жағдай, яғни жіті ішек инфекциясы балалар арасында жиі тіркелуде. Аурушаңдық өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есе өскен.
Жіті ішек инфекциялары (ЖІИ) – әртүрлі микроорганизмдер (бактерия, вирустар) тудыратын, асқазан-ішек жолдарының бұзылуымен жүретін және ағзаны сусыздандыратын жұқпалы аурулар тобы.
ЖІИ жылдың суық мезгілінде – вирусты инфекциялар, жылы мезгілінде – бактериалды инфекциялар түрінде кездеседі. Бұл аурумен ересектер де, балалар да ауырады.
Жылы климат микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы әсер етеді, сондықтан жазғы мезгілде жіті ішек аурушаңдығының тіркелуі көбейеді.
Жылы мезгілде судың, топырақтың, тағам өнімдерінің ішек инфекциясының қоздырғыштарымен ластану деңгейі жоғарылайды.
Қорғаныш факторлары белсенділігінің және гигиеналық дағдылануларының төмендігінен балалар жіті ішек ауруларымен көп ауырады. Балалардың асқазан-ішек жолдарында иммундық қорғаныс тек 5 жасына қарай қалыптасады.
Аурудың инкубациялық кезеңі - орташа 6 сағаттан 2 күнге дейін созылады. Науқастарда жедел дене қызуының көтерілуімен, сұйық дәретпен, іштің ауруымен басталады. Асқазан аймағының ауырсынуы, жүрек айну пайда болып, құсу, іш өту жиілейді (нәжісі су тәріздес болады). Нәтижесінде, ағза сусызданып, әлсіздік пайда болады. Ағзаның сусыздануы – балалар үшін өте қауіпті.
Науқастарға ауруды басатын дәрі-дәрмектерді өздігінен қолдануға, дәрігердің тағайындауынсыз антибиотикті қолдануға болмайды. Себебі, ішек инфекциясында токсиндер ішекте жинақталатындықтан, дәрілік заттарды өз бетімен қолдану токсиндердің көптеп жиналуына алып келуі мүмкін. Бұл қабыну процесін одан әрі күшейтеді.
Жіті ішек инфекцияларының алдын алу шаралары:
- жеміс-жидектер мен көкөністерді ағынды су астында таза жуғаннан кейін пайдалану;
- өнімдердің жақсылап қуырылып, қайнатылуына көңіл бөлу;
- жұмыртқаны шикі немесе шала қайнатылған күйінде қолданбау;
- дайын тамақты пайдалану кезінде оның иісіне, дәміне мұқият мән беру;
- тез бұзылатын тағам өнімдерін тоңазытқышта сақтау;
- арнайы рұқсат етілген жерлерде шомылу;
- суды тұтынар алдында міндетті түрде қайнату немесе бөтелкедегі суды ішу;
- балаларға тағам дайындаудың және тамақтандырар алдында қолды тазалап сабындап жуу, баланың әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза ұстау;
- жеке бас тазалығын қатаң сақтау.
Ауру асқынған жағдайда адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Маңызды!
Жіті ішек инфекцияларының жоғарыда көрсетілген белгілерінің бірі байқалса, тез арада медициналық көмекке жүгіну қажет!