Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы - өлім-жітімнің жоғары ықтималдығын тудырады

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы - өлім-жітімнің жоғары ықтималдығын тудырады

               Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (бұдан әрі – КҚГҚ) табиғи ошақтары бар. Республика бойынша орта есеппен КҚГҚ-ның 20-26 жағдайы тіркеледі, оның 10%-ы өліммен аяқталады.

               2022 жылдың 25 мамырына 3 КҚГҚ расталған жағдайлар (Шымкент-1, Қызылорда-1, Түркістан-1) және 3 КҚГҚ күдікті жағдайлар (Түркістан, Қызылорда және Шымкент) тіркелді.

               Табиғи ошақтардың пайда болуының негізгі себебі – осы аумақтарда иксод кенелерінің тіршілік етуі, олар КҚГҚ-ның негізгі тасымалдаушысы болып табылады, сонымен қатар кенелер үй, жабайы жануарларда паразиттік тіршілік етеді және кенелер көбіне кеміргіштердің індерінде, мал қораларында және т.б. болады.

                Кенелер әдетте наурыз айында жаппай шыға бастайды, олардың шағуынан зардап шеккен адамдардың көбі мамыр-маусым айларында тіркеледі, жыл сайын олардың саны 7-ден 15 мыңға дейін болады.

Адам мынадай жағдайларда ауруды жұқтырады:

- кенелер тікелей шаққанда;

- КҚГҚ-мен ауыратын адаммен байланыста болған кезде;

- кене басқан ауыл шаруашылығы малдарын бағу кезінде (кенелерді малдан алу, қайшымен қырқу және кенелерді қолмен алып тастау кезінде).

Мынадай адамдардың ауру жұқтыру қаупі жоғары:

- жануарларды бағумен (шопандар, малшылар, сақманшылар, сауыншылар, ветеринарлық қызметкерлер), сондай-ақ оларды табиғи ошақтың аумағында союмен немесе бөлшектеумен айналысатын адамдар;

- КҚГҚ-мен ауыратын науқастың қанымен және басқа да биологиялық сұйықтықтарымен қорғалмаған байланыста болған медицина қызметкерлері;

- кез келген адам, егер олар эндемиялық аймақта болғанда жұқтырған кенемен байланыста болса.

               Аурудың басталуынан бастап белгілердің пайда болуына дейін 2-ден 14 күнге дейін созылады. Ауру жіті дамиды, дене температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі, бастың ауыруы, қалтырау, беттің, сілемейлі қабықтардың қызаруы, әлсіздік, бұлшықеттің, буынның ауыруы, жүрек айну, құсу және 2-4 күннен кейін мұрынның, қызыл иектің қанауы, дененің, сілемейлі қабықтардың, инъекция орнының қанталауы байқалады, ішкі ағзалардан қан кетуі мүмкін.

               Науқастар жұқпалы аурулар ауруханаларында емделеді. Сауыққаннан кейін иммунитет 2 жылдан 7 жылға дейін сақталады.

               Қазіргі уақытта КҚГҚ-ға қарсы вакцина жоқ.

КҚГҚ-ны жұқтырмау үшін:

- табиғатқа шыққан кезде киімге себу (импрегнация) үшін және белгілі бір уақыттан кейін кенелерді үркітетін құралдарды (аэрозольді репелленттерді) пайдалану;

- киімге түскен кенелерді уақтылы табу үшін өзін-өзі және бір-бірін қарап тексеру;

- ауыл шаруашылығы жануарларын қырқуды және жүнді өңдеуді қорғаныш киіммен және қолғаппен орындау.

- жануарларды, мал қораларын және табиғи ошақтарда орналасқан елді мекендердің тұрғын үй-жайларын кенеге қарсы өңдеу қажет.

                Егер КҚГҚ ауруын емдеу уақтылы басталмаса, ауру өлімге әкелуі мүмкін екенін ескере отырып, кене шағып алған кезде тез арада  медициналық мекемеге хабарласу керек! Кенелерді өзіңіз алмаңыз!