
Тырысқақ – адамнан адамға жұғатын жіті ішек жұқпалы ауру. Тырысқақ басқа жіті ішек жұқпаларынан клиникалық ағымының ауырлығымен, жоғары өлім-жітімімен және салыстырмалы түрде қысқа мерзімде ауқымды аумақтарға таралып, халықтың көпшілігіне жұқтыру қабілетімен ерекшеленеді. Осы ерекшеліктері үшін тырысқақ аса қауіпті жұқпалар тобына жатады. Бұл жұқпа бірнеше сағат ішінде ағзаның жедел сусыздануына және өлімге әкелуі мүмкін.
Ағымдағы жылдың осы кезеңінде Атырау облысында тырысқақ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Атырау облысында тырысқақ ауруының алдын алу мақсатында жыл сайын эпидемиологиялық маусымда қоршаған орта объектілерінен, өткір ішек инфекциясымен ауыратын науқастардан, сондай-ақ қауіп-қатер тобындағы адамдардан алынған үлгілер зерттеледі.
Бүгінгі күні аймақта тырысқақтың эпидемиологиялық жағдайы қолайлы қалыптасып отыр. Сыртқы орта объектілерінен Эль-Тор, классикалық тырысқақ, О139 тырысқақ қоздырғыштары бөлінген жоқ. Тұрғындар арасында тырысқақ (күдікті) жағдайы тіркелмеген.
Облыс аумағында холера аурушылық соңғы рет Махамбет ауданында 1997 жылы тіркелген. Болжау бойынша бұл жағдай басқа елден әкелінген.
Адамнан адамға аурудың берілуі сыртқы орта арқылы жүзеге асырылады. Таралу механизмі бойынша тырысқақ ішек ауруы болып табылады.
Тырысқақтың жасырын кезеңі (науқас жұқтырған сәттен бастап, аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі аралық) 1-ден 5 күнге дейін, көбінесе 2-3 күнге созылады.
Холера вибрионы адам ағзасына жұқтырылған тамақ пен суды тұтыну арқылы енеді. Сондай-ақ, адам тырысқақпен науқасқа күтім жасаған кезде қолданған тұрмыстық заттары арқылы жұқтыруы мүмкін. Шыбындар да қоздырғыштың таралуына ықпал етеді. Сонымен қатар, ластанған су айдындарында шомылған кезде суды жұтып қойған жағдайда жұғуы мүмкін. Холера вибрионының кейбір серотиптері, мәселен Эль-Тор вибрионы бақалардың, ұлулардың т.б. ағзаларында өмір сүруге қабілетті. Бұл жағдайларда адамның жұқтыруы науқас болмағанның өзінде жанама әсерден болуы мүмкін.
Аурудың диагнозы ең алдымен клиникалық көрінісі негізінде эпидемиологиялық жағдай және бактериологиялық расталу мәліметтерін ескере отырып қойылады.
Тырысқаққа күдік тудыруға негіз болатын келесі белгілер: қызба (дене қызуы – 37оС және одан жоғары), жүрек айну, іш өту, құсу, бас ауруы, сонымен бірге тырысқақтан қолайсыз елдерден әкелінуін ескеру қажет.
Тырысқақтың алдын алу шаралары келесідей:
- жеке гигиена шараларын сақтаңыз: тамақ ішер, тамақ дайындар алдында, әжетханаға барғаннан кейін қолыңызды мұқият жуыңыз;
- қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішіңіз;
- ұйымдастырылған демалысқа рұқсат етілген су айдындарында шомылыңыз;
- теңіздің, мұхиттың және басқа да су айдындарының шикілей және жеткіліксіз пісірілген өнімдерін пайдаланбаңыз;
- азық-түлік, жеміс-жидек пен көкөністі рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алыңыз;
- жемістер мен көкөністерді қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен мұқият жуыңыз.
Холера ауруының белгілері пайда болған жағдайда (жүрек айну, құсу, сұйық нәжіс, бас ауруы, бас айналуы) дереу дәрігерге жүгіну қажет. Медициналық көмекке ерте жүгіну тырысқақты тиімді емдеуді дер кезінде жүргізуге және қолайсыз нәтиженің алдын алуға мүмкіндік береді.
Тырысқақтың алдын алудың негізгі шараларын қолдана отырып, Сіз бұл қауіпті жұқпалы аурудан сақтана алатыныңызды ұмытпаңыз.