
Жыл сайын еліміздің аумағында адамдар арасында күйдіргі ауруы тіркеледі, іс жүзінде барлық жағдайлар күйдіргінің тері түрі болып табылады.
Күйдіргі – адамдар да, жануарлар да ауыратын жіті, аса қауіпті инфекциялық ауру.
Күйдіргі ауруының көзі – үй жануарлары (ірі қара, қой, ешкі, түйе, шошқа, жылқы).
Ауру зақымдалған тері арқылы, сирек жағдайда тыныс алу жолдарының сілемейлі қабықтары мен асқазан-ішек жолдары арқылы жұғады.
Ауру тері, ішек, өкпе түрінде және септикалық түрде пайда болуы мүмкін. Күйдіргінің тері түрлерінің болжамы қолайлы, қалған түрлері көбіне өліммен аяқталады.
Емдеудің заманауи әдістері осы аурудың қолайсыз нәтижелерінің айтарлықтай төмендеуіне ықпал етеді, сондықтан медициналық көмекке уақтылы жүгінген маңызды.
2022 жылдың 25 мамырында Жамбыл, Түркістан және Ақмола облыстарында күйдіргімен ауырудың 7 жағдайы тіркелді. Бұл ретте, барлық жағдайларда медициналық көмекке кеш жүгіну (4 тәулікке кеш) байқалады.
Барлық жағдайларда ауруды жұқтыруға ауру малды союға және бөлшектеуге, жұқтырған ет пен теріні тасымалдауға, сақтауға және кәдеге жаратуға қатысу себеп болған, ауру жұқтырған топырақты ұстағанда жұғуы мүмкін, жұқтыру көзі ветеринариялық куәландырусыз сойылған ауырған ірі қара мал болған.
Күйдіргі ауруы адамнан адамға берілмейді.
Күйдіргі ауруының алдын алу мақсатында халыққа мынаны ұсынамыз:
- Ет және ет өнімдерін өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына бақылау жүзеге асырылатын рұқсат етілген сауда орындарынан (ресми базарлардан, дүкендерден, сауда орталықтарынан) ғана сатып алу;
- Ет және ет өнімдерін кездейсоқ адамдардан сатып алмау;
- Тамақ дайындау кезінде және пісіру кезінде шикі еттің (мысалы, тартылған ет) дәмін татпау, ет пен ет өнімдерін мұқият қайнатып, қуыру;
- Үй жануарларын бағу кезінде жеке қорғаныш құралдарын пайдалану (жануарлардың барлық түрлері ауырады);
- Егер ауру жануармен байланыстан кейін (бағу, сою, бөлшектеу және т.б.) жоғары температура, терінің қызаруы, жаралар пайда болса, дереу жақын жердегі медициналық ұйымға медициналық көмекке жүгіну керек. Өзін-өзі емдеуге болмайды, өйткені бұл күрделі түрлерінің дамуына әкелуі мүмкін және өлім қаупін арттырады.
- Малды тек алдын ала ветеринариялық тексеруден кейін ғана сою керек.
- Үй жануарларын күйдіргіге қарсы профилактикалық вакцинациялауды жүргізу керек.
Есіңізде болсын! «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіз».