Балалардың арасында семіздіктің алдын алу

Балалардың арасында семіздіктің алдын алу

Бүгінде біз толық ересектер мен балаларды жиі кездестіреміз. Семіздік қоғамдық денсаулық сақтау саласының күрделі мәселесі ретінде танылған. Әсіресе, өскелең ұрпақтың денсаулығына семіздік зор зиян келтіреді.

     Ақтөбе облысында 2021 жылдың қорытындысы бойынша  0-ден 14 жас аралығындағы балаларда 75 семіздік ауруы тіркелді (2020 жылы- 89), бұл топтағы балалардың семіздіктің таралу деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда – 28,7 көрсеткішті құрайды (2020 жылы- 34,1). 0-14 жас аралығындағы балалардағы семіздіктің таралу деңгейінің көрсеткіші айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, Мұғалжар (42,4) және Темір аудандарында (41,0) семіздіктің таралу деңгейінің өскендігі байқалады, сонымен қатар балалардың семіздік бойынша аурушандық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда облыстық көрсеткіштен (28,7) Ақтөбе қаласында -41,3, Мұғалжар ауданында -42,4, Темір ауданында – 41,0 асып түседі.

Статистика бойынша толық балалардың 30-80% өсе келе толық ересектерге айналады. Семіздіктің қауіптілігі – оның көптеген созылмалы жұқпалы емес аурулардың  пайда болу қаупін едәуір арттыруында, мысалы: созылмалы жұқпалы емес аурулардың ішінде диабеттің 44%, жүректің ишемиялық ауруы 23%, онкологиялық аурулардың  7 - 41% жағдайлары семіздіктен туындайды. Оның үстіне, балалық шақта болған семіздік ересек жастағы жүрек-қантамыр ауруларының, ортопедиялық мәселелердің, психикалық бұзылыстар мен  денсаулықтың басқа бұзылыстардың даму қаупін арттырады. Артық салмағы бар балалар мен жасөспірімдердің 80% жуығында артериалдық қысым бар, 25% - диабет алды, 35% - бауырдың майлық ауруына шалдыққан.

 

Артық калориялар қайдан пайда болады?    

 

Толықтықтың  98% жағдайының себебі салауатты емес өмір салтында, қимыл белсенділігінің  төмендігінде және артық жеуде. Адамның тағаммен алатын энергиясы шығындайтын энергиясынан көп болғанда оның қолданылмаған бөлігі организмде май түрінде жинақталады. Бұл бастапқыда артық дене салмағына (семіздік алды), одан кейін, егер адам рационның калориялығын уақытында азайтпаса және дене белсенділігін арттырмаса, семіздік басталады.

Біздің елімізде калориясы жоғары және құндылығы төмен көптеген өнімдердің пайда болуында. Мұндай өнімдерге қант, кондитерлік өнімдер, жоғары сұрыпты ұннан пісірмелер, түрлі фаст-фудтар, қанттың мөлшері жоғары зауыттық сусындар (лимонад, кола, т.б.), тұз бен қанттың мөлшері жоғары болатын технологиялық өңделген өнімдер, мысалы, шұжық өнімдері, паштеттер, маргаринге иленген қатпарлы қамыр жатады. Әдетте, олардың құрамында пайдалы заттектер: дәрумендер, минералдар, маңызды микроэлементтер өте аз мөлшерде болады, ал организмнің тіршілігіне аса қажетті өсімдік тектес талшықтар - тағамдық талшықтар мүлде болмайды. Мұндай өнімдерді шамадан артық тұтыну заттек алмасуының бұзылысын туындатады, бұл тәбеттің артуымен, организмдегі май жасушаларының өсуімен және көлемінің ұлғаюымен қосарланады.

 

Отырумен өтетін өмір салты сәнге айналған

 

Балалық жасқа тән емес төмен дене белсенділігі - бүгінде кең таралған құбылыс. Қазіргі кезде балалар теледидардың немесе компьютердің алдында сағаттап қозғалыссыз отырады, бейнеойындарды гаджеттерден (ұялы телефон, планшет) ойнауға немесе Ғаламторды шарлауға көп уақытын жібереді. Оның үстіне, осындай демалысын көпшілігі түрлі снектерді: чипсілерді, қытырлақ таяқшаларды, қуырылған жаңғақшаларды, үлпектерді, ұсақ печеньелерді жеумен қоса өткізеді. Тәтті сусындарды да қоса ішеді.

 

Қауіпті азайтайық

Семіздіктің алдын алуды ерте балалық шақтан бастайық. Бұл дегеніміз – балаларды салауатты өнімдерді тұтынуға үйрету, дұрыс тағамдық талғамды қалыптастыру. Міне, осыған көмектесетін бірнеше кеңестер:

  • дүкенге бірге барған кезде балаларды салауатты тағам өнімдерін таңдауға үйретіңіздер;
  • егер балалар қанттың немесе майдың мөлшері жоғары өнімді (лимонад, чипсілер, шоколадты батончиктер, фаст-фуд, шұжықтар, т.б.) сатып алуды сұраса, өтінішін орындаудан бас тартыңыз және оның себебін түсіндіріңіз;
  • печенье, кәмпит немесе балмұздақтың орнына оларға жеміс беріңіз;
  • қант қосылмаған сусындарды таңдаңыздар, мысалы, су, тәтті емес компот немесе морс;
  • тамақтану тәртібін қадағалаңыздар: 4-5 реттік бөліп тамақтану. Бұл дегеніміз – 3 негізгі тамақтану (таңғы, түскі және кешкі ас) және 2 бірасар. Бірасарға – көкөністер, жемістер, айран, слайстар, шағын уыс жаңғақты немесе дәндерді ұсынуға болады. Тағам қабылдаудың арасындағы ұсынылатын үзіліс: 2,5-3 сағат, мүмкіндінше;
  • тамақтану рационындағы көкөністер мен жемістің (оларды ас мәзіріне күніне бірнеше рет енгізу қажет және күнделікті 400 г артық жеуге болады), тұтас дәндердің, майлы емес ашытылған сүт өнімдерінің маңыздылығын есте сақтаңыздар;
  • ақ нанды - қоңыр ұннан нанға, өңделген күрішті – өңделмеген түріне алмастырыңыз, ұннан жасалатын кондитерлік өнімдерді сирек тұтынуға тырысыңыздар;
  • майсыз етті, құс етін, балықты, бұршақ тұқымдастарды, жұмыртқа мен жаңғақтарды таңдаңыздар;
  • тұздың, қанттың мөлшері төмен өнімдерді таңдаңыздар, транс-майлары (маргарин, аспаздық/кондитерлік майлар) бар өнімдерді тұтынудан алшақ болыңыздар;
  • қуыруды тандырда пісіруге, бұқтыруға, қайнатуға, буда пісіруге алмастырыңыз;
  • майонез емес, сұйық май құйылған салаттарды таңдаңыз;
  • отбасылық түстену кезінде теледидар және гаджеттерді өшіріп қойыңыз. Теледидар бағдарламалырын және гаджет көру барысында артық жеп қойғанды байқамай қаласыз, себебі, назарыңыз дәмнің әсеріне, тағамның хош иісіне, және асқазандағы сезінуге емес, теледидардың экранына бағытталады.

 

Дене белсенділігін қалай арттыруға болады?

 

Балалардың теледидарға, компьютер, гаджет бейнеойындарға уақытын аз жұмсап, дене белсенділігін арттыруға арналған бірнеше кеңестер:

  • теледидар көруге, гаджетпен ойнауға, Ғаламторды қарауына және компьютерде ойнауға күніне 2 сағаттан аспайтын шегін белгілеңіз. Және баланың тәтті сусындардың, кәмпиттердің, фаст-фуд пен басқа салауатты емес өнімдердің жарнамасын көрмеуін қадағалаңыз. Жарнаманы көп көретін балалардың салауатты емес тағамды жиі таңдайтындығы дәлелденген;
  • белсенді ойындар мен уақыт өткізу бойынша өз ойларыңызды ұсыныңыздар, мысалы, балалармен далада ойнау, сырғанаққа ұдай бару. Өздеріңіз балалармен бірге футбол, баскетбол немесе басқа ойындарды ойнаңыздар. Күні бойы белсенді болуға тырысыңыз және баланы да осындай мінез-құлыққа ынталандырыңыз.

 

Салауатты үлгінің әсері мол

 

Ата-аналар көбінесе, өздерінің үлгі ретіндегі маңызын түсіне бермейді, ал балалар әдетте, ата-анасының мінез-құлық үлгісін қайталайды. Ата-аналардың дұрыс тамақтанбауы және отырумен өтетін өмір салты  балалары үшін мінез-құлық нормасына айналады. Өздеріңіз теледидардың немесе компьютердің алдында уақытты азырақ өткізетін болсаңыздар, көбірек қимылдауды, дұрыс тамақтануды  ұстанатын болсаңыздар, балаларыңыз да салауатты өмір салтын таңдайды және қадағалайды!

 

Құрметті ата-аналар мен ересектер!

 

Есіңізде болсын, сіздің қолыңызда тек сіздің ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың денсаулығы да маңызды. Тамақтанудың қарапайым ережелерін сақтаңыз, көбірек қозғалыңыз және арық және сау болыңыз!